Қалалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті

133

Шымкентте қалалық қоғамдық кеңестің жыл басынан бергі алғашқы отырысы өтті. Белсенділердің қарауына ұсынылған 8 мәселенің барлығы өзекті.

Шаһардағы төрт аудан әкімдерінің 2020 жылы атқарған жұмысы жайлы есебінен бөлек басқосуда Шымкенттегі атшабардың тағдыры қызу талқыланды. Естеріңізге сала кетейік, 19-шы ақпанда көптің көкейін туындатқан атшабар мәселесіне қатысты қоғамдық тыңдаудың нәтижесі белгілі болады.

«Абай ауданында ауыз су, электр жарығы, кәріз жүйесі мәселелері шешімін таппай отыр» деп атап өтті өзінің есебінде аудан әкімі Бұхарбай Парманов.

Қала құрамына кірген 37 мың халқы бар Абай ауданындағы 10 елдімекенде инфрақұрылым мәселесі өзекті болып тұр. 6 елдімекен ұңғымадан су пайдаланса, 4 тұрғын халқы тасымалданған суды тұтынуда. Сайрам ауданына өткен Жанаталап ауылы болса, тіршілік нәрімен биылғы жылдың ортасында қамтылмақ. Бұл үшін 8,4 млрд қаржы бөлінген.

Шадия ЖИЕНОВА, Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі : «Су қашан келеді, №81 мектебінде ғимараттың ішіндегі әжетхананы қоса алмай жатырмыз. Мамыр айына дейін не істейміз».

Инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер қалған үш ауданда да шаш-етектен. Аудан әкімдерінің өткен жылы атқарған жұмыстары жайлы есебін тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері шенеуніктерді  сұрақ астына алды.

Қашан жол, жаяу жүргіншілер жолы  салынады, емхана ше?

Мүмкіндікті пайдаланып, өзі тұрып жатқан шағынаудан мәселелерін шешуге тырысқан әріптестерін кеңес төрағасы тәртіпке шақырды. Тіпті қоғамдық кеңес болған соң отырыста көпшілікті толғандырған мәселелер талқылануы қажет деп те бірнеше рет ескерту жасады.

Шымкенттегі атшабар төңірегіндегі пікір-талас толастар емес. Сондықтан болар бұл мәселе кеңесте қаралды. Жауаптылар дотацияда отырған Шымкент үшін еліміздегі ірі компанияның инвестиция құюы бұл шаһардың ары қарай дамуына жасалған керемет мүмкіндік деп сендірді.

Мәулен АЙМАНБЕТОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «ВI  тобы  компаниясы Шымкенттің дамуына  200 млрд. инвестиция құймақ…15 млрд-ы әлеуметтік емхана, мектеп құрылысына жұмсалмақ.120 млрд. тұрғын үй құрылысына,  жаңа саябаққа да қаржы қарастырылған».

Қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдау ақпанның 19-ына белгелінген. Сондай-ақ қоғамды кеңесте «Шымкент» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының 2020 жылда атқарған жұмыстары туралы есебі қаралып, корпорация басшысына бірнеше сын ескертпе берілді.