Шымкент: Басқарма мамандары құқықтық оқытудан өтеді

90

Шымкент қаласы бойынша барлық басқарманың мемлекеттік сатып алу ісіне жауапты қызметкерлері біліктіліктерін арттыратын болады.

Мамандарға бюджет қаражатын уақтылы әрі толық игеруге және мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу кезінде кемшіліктер мен құқықбұзушылықтарға жол бермеу үшін жалпы мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптары түсіндіріледі. Оқытуды Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы мен ішкі мемлекеттік аудит департаменті бірлесіп өткізеді.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің төрағалығымен өткен мәжіліс барысында мәлім болды. Оған басқарма басшылары мен қалалық прокуратура өкілдері қатысты. Жиын барысында қала әкімінің орынбасары сала мамандарына сатып алу туралы заңнама талаптарына байланысты құқықтық оқытуды қолға алуды тапсырды.

– Өрескел қателіктер қағидаттар мен нормаларды сақтамаудан орын алады. Сол себепті мамандардың біліктілігін арттыруымыз қажет. Ал, қадағалаушы орган, яғни прокуратура кемшіліктерімізді айқындап отырады. Олардың тарапынан айтылған сынды дұрыс қабылдап, керісінше кемшілікке жол бермеудің тетігін қамтамасыз ету маңызды, – деді Ерғали Дәулетбекұлы.

Жиында жосықсыз қатысушыларды мемлекеттік сатып алуға жібермеу мәселесі де қарастырылды. Мәселен, Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты былтыр мемлекеттік сатып алу туралы шартты мүлде немесе ішінара орындамаған 30-дан астам өнім берушіні жосықсыз қатысушы деп таныған. Уәкілетті орган ондай компанияларды сот шешімінің негізінде жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізеді. Ең бастысы мемлекеттік мекеме немесе кәсіпорын көп ұзатпай құзырлы мекеме өкілдеріне сенімнен шыққан компания туралы мәліметті жолдауы қажет.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі