ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында «Су арнасы-маркетинг» ЖШС болып,
кәсіпорында енгізілген жаңа технологиялармен танысты. Серіктестіктің бас директоры Анарбек Орман Бағдат Батырбекұлына орталық диспетчерлік қызметтің жұмысын көрсетіп, онда кеңінен қолданылып жатқан цифрлық технологиялар жайын баяндап берді: «Шымкенттің жері Нұр- Сұлтан қаласындағыдай тегіс емес, сай, кейбір жерлер биік болып келеді. Құбыр арқылы тұтынушыларға жететін судың қысымын реттеп отыру үшін израильдік мамандармен бірге су реттегішін орнатып, бүгінде судың қысымын қашықтықта бақылауға мүмкіндік алып, тұрақты жұмысқа қол жеткіздік. Бұдан бөлек, жаңа технологиялар су және кәріз жүйесінің жұмысын бақылайтын қызметте де кеңінен пайдаланылуда. Егерде бұрын жұмысшы су және кәріз жүйесін аралау үшін 7 шақырым жүреді деп норматив бекітілген болса. GPS- құрылғысының көмегімен жұмысшының 7 шақырым емес, 13 шақырымды еш қиындықсыз жүріп, асықпай су және кәріз жүйесін тексеріп шығаты белгілі болды. Нәтижесінде, нормативті өсірдік, артық адамдарды босатып, штат 45 пайызға қысқартылды. Еңбек өнімділігі 2 есеге артты».
Министр серіктестіктің жұмысына қызығушылық танытып арасында сұрақтар да қойды: «Тиімділікті арттыруға ықпал етті ғой ?».
«Әрине, жаңғырту, қайта құру, цифрландырудың арқасында біз судың орынсыз шығындарын 33 пайыздан 15 пайызға, яғни 2 есеге кеміттік, электр энергиясы бойынша 1 текше метрді жарықтандыруға 0.87 кBт жұмсалған болса, қазір 0.06 кBт, яғни 10 есеге, апатты жағдайларды 33 пайызға, орынсыз, күрделі жөндеу жұмыстарына шығындарды 32 пайызға азайттық»,- деп жауап берді Анарбек Орман.
«Сонымен қатар, цифрландыру, жаңа технологиялар тазарту жүйесінде де кеңінен пайдаланылуда. Мәселен, бұрын тазартылған судың көлемін анықтау үшін, маман қақпағын ашып, деңгейін көретін, қазір енгізілген инновациялық технологиялар арқасында қашықтықта орталық диспетчерлік қызметінен жұмысын қадағалауға мүмкіндік бар»,- дейді серіктестіктің басшысы.
Кәсіпорындағы цифрландыру жаңа инновацияларға министр оң бағасын беріп, жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы өндірісті автоматтандыруға отандық IТ мамандарын тарту қажеттігін дөп басып айтты. Бағдат Батырбекұлы «Су арнасы-маркетинг» мекемесінің басшысына серіктестіктің бұл бағыттағы жұмыстарын үйлестіретін жеке IТ компаниясын ашып, бұл жұмыс тәжірибесін өзге өңірлерге тарату жөнінде тапсырма да берді.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге жеке және заңды тұлғалардың тұтынған су бойынша төлем жасау бойынша енгізілген жаңашылдықтар да баяндалды. Азаматтар кезекте сабылмай, үйлерінде, не кеңселерінде отырып, ғаламтор не ұялы телефондағы қосымша арқылы төлемдерді жасауға мүмкіндік алды. Тұтынған суды үнемдеуде шымкенттік мамандар үлгі тұтарлық көрсеткішке қол жеткізді. Ол су есептегіш құрылғылары.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша министр Фейсбук парақшасында пікірін білдіріпті: «Су арнасы-маркетинг» ЖШС-інде болдым. Таң қалдым. IТ- мамандары тек жастар ма десем, сумен қамту өндірісін автоматтандырған керемет жүйе жайлы баяндаған аға жақсы әсер қалдырды. Шымкент тек ауа райымен, тәтті тағамдарымен емес, ең бастысы дамуды және өз қаласын жақсы жағынан өзгертуді тоқтатпаған адамдарымен үнемі таң қалдырады».
Шынар Оразова