Жаңа Сауран ауданына 100 мыңнан астам халық тұратын елді-мекендер біріктірілді

178

Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында жаңа ауданның құрылуына орай салтанатты шара өтті. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жергілікті тұрғындармен кездесіп, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тарихы бастау алған игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Кентау қаласына қарасты болып келген бірнеше елдімекеннің 100 мыңнан астам тұрғыны Сауран ауданының тұрғыны атанып отыр.

«Баршаңызды Сауран ауданының құрылуымен құттықтаймын! Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев Сауран ауданын құру туралы тарихи жарлыққа қол қойды. Кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы елді қуантқан ерекше оқиға деп білемін»,-  деп салттанатты жиынды ашты Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Су жаңа Сауран ауданының әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болып отыр. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтеді. Жалпы аумағы – 650 мың гектар. Халық саны 100 мыңнан астам. Жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысады.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Шорнақ ауылы аудан орталығы ретінде дамиды. Жаңа ауданды құру арқылы аудан құрамына енетін елдімекендердегі мемлекеттік қызметтерді алу сапасын көтеруге жол ашылады. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы секілді маңызды мәселелерге басымдылық беріледі. Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына күш салынады».

Қолданыстағы заңдарға сәйкес, Мемлекет басшысының ауданды құру туралы Жарлығын орындау мақсатында әкімшілік құрылымын жасақтау үшін алдымен аудандық мәслихат құрылады. Тиісінше, мәслихат келісімімен, аудан әкімі тағайындалып, ауданды басқару жүйесі және бюджеті бекітіледі. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін бастайды.

Шынар Оразова