Қазіргі таңда коронавирус індетіне байланысты елімізде карантин режимі енгізілгені баршамызға белгілі. Осыған қарамастан, облыс тұрғындары ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той жасауларын тоқтатар емес. Осы тұста карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильдік топтар, той-жиындарға жиналған көпшілікті тарқатуда. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Мәселен, Мақтаарал АПБ-ның қызметкерлері сағат 13:00 шамасында мақтааралдық тұрғынның үйінде құдалық тойын өткізіп жатқанын анықтады. Тойға 70-ке жуық адам жиналған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды дер кезінде тоқтатты.
Жалпыға ортақ шектеу шараларын сақтамауымен қатар, карантин талаптарын елемеген той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу» бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Мақтаарал аудандық СЭББ-ға жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.