Радист Нина Мосунованың өмірлік ұстанымы — белсенді қозғалыс

109

Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Мосунованың өмірге деген құлшынысы таң қалдырады. 97 жастағы әжей ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісті. Ол үшін күнделікті дене шынықтыратын жаттығулар жасап, үнемі қозғалыста болу қажет.

 

Шымкенттің 97 жастағы тұрғыны Нина Мосунованың ұстанымы — үнемі қозғалыста болу. «Содан болар әлі өмір сүріп келемін» деп күледі әжей. Жасы келсе де, өз еркімен жүргенді ұнатады. Соғыстағы жалғыз фотосуретін көрсетіп, есінде қалған эпизодтармен бөлісті. Қанды шайқаста ерлік көрсеткен радист қыздардан бүгінде тек Нина ғана арамызда жүр екен.

Нина МОСУНОВА, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Әскерге шақырғанда мен небәрі 17 жаста едім. Майданда мені курстарда оқытты. Радистердің командирі болдым. Қарамағымда 3 қыз болды. Байланысты орнату аса ұқыптылықты, шеберлікті талап етті. Соғыста ұсақ-түйек болмайды. Бар күшімізді салып, қажет болса, үзілген сымдарды жалғаған күндеріміз де болды».

Атыс пен жарылыстың арасында байланысты орнату оңайға түспеді деген әжей көз жасымызды сығып алып, берілген міндетті әрмен қарай жалғастырдық дейді. Өз сөзінде майдангер сұрапыл соғысты еске алғанды ұнатпайтынын, бірақ Жеңіс күніндегі қуаныш ешқашан есінен шықпайтынын айтты: «Соғыс аяқталды (жылап отыр) Менің кезекшілігім еді. Мен бөлімге келіп, «тұрыңдар, Соғыс аяқталды дедім»…  еске алудың өзі ауыр».

Ардагер жалғыз тұрады, жолдасының өмірден озғанына он жылдай болып қалыпты. Жалғыз перзентінен көрген немерелері үйіне халін сұрап келгенін тағатсыздана күтеді. Соңынан қалған ұрпақтың келерін естісе, үйін жинап, дәмді тағамдарын әзірлеп қояды.

Қарт тұрғын ауладағы гүлдердің күтімі де өз мойнымда дейді: «Көп қозғалу керек. Қозғалыс ол өмір. Дене шынықтыру жаттығуларын жасаймын. Әр жұмада мүлдем тағам қабылдамаймын».

Соғыс ардагерінің өмірлік ұстанымы: Адамдар өткен, болашақпен емес қазіргі сәтпен өмір сүруі керек. Тағдырың өз қолыңда дейді. Сондықтан ешкімге жүк артпай, алға қарай ұмтылу қажет.

Шынар Оразова