Шымкенттік ұстаздар көбіне неге арызданады?

132

Шымкенттік ұстаздар басшыларына тек анонимді түрде арызданады. Бұл туралы қаладағы білім сапасын бақылайтын департамент басшылығы мәлімдеді.

Сөздерінше, мұғалімдер әлі де жауаптылардың құқайынан қорқады. Сондықтан білім ұясындағы заңсыздықты тек жасырын атпен айтуды жөн көреді екен. Алайда саладағылар мұндай өтініштер қаралмайтынын алға тартып отыр.

Нұргүл ШӘМШИЕВА, Шымкент қалалық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы: «Заң бойынша біз тек аты-жөні белгілі азаматтың ғана арызын қараймыз. Жасырын атпен жазған жандардың өтініші қаралмайды. Сондықтан да ұстаздарды барлығын ашық жазуға шақырамыз. Әйтпесе, арыз қанағаттандырылмайды. Жалпы ұстаздардың арызы жылдан жылға азайып барады».

Айта кетейік, мұғалімдер мен балалар құқығын қорғайтын департамент қаламызда осыдан 3 жыл бұрын құрылған еді. Содан бері тек бір мектеп директоры ғана ұстаздар шағымымен жұмыстан босатылыпты. Ол №125 мектеп басшысы. Ал, үстінен арыз түскен өзгелерінің барлығы тек ескертумен құтылған.

Нұргүл ШӘМШИЕВА, Шымкент қалалық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы: «Үстінен арыз түскен мектеп директорларының барлығы тек ескерту алып келеді. Себебі оларға мектепке гүл алдырғаны үшін, артық қағаз толтыртқаны үшін ғана арыздар түседі. Ал заң бойынша бұған жаза тек ескертумен шектеледі».

Назерке Үкібасова