Өмірзақ Шөкеев аудан әкімдеріне тапсырма берді

129

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан басшыларының жұмысын сынға алды. Сөзінше, егістік иелері жерлерді бас-көз жоқ қопарып, оның кесірінен төрт-түлік қырылуда екен.

Майып болған малдан обал деген аймақ басшысы бұл бассыздықтың жер анаға да тигізіп жатқан зияны көп дейді. Және бұл жауапсыздықты тезірек жоюды тапсырды.

Түркістан облысындағы кей аудан жерлері жөн-жосықсыз қопарылып жатыр. Бұл ақпарат ғарыштан түсірілген мониторинг нәтижесінде анықталған. Белгілі болғандай, Түркістан облысының пысықай жер иелері егістік айналасын қазып тастаған. Мал түспеу үшін жасалған бұл әрекет соңынан төрт-түлік орға түсіп қырылуда.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Облыс аумағында жерді қазып тастаған жағдайлар жиілеп кетті. Неге әкімдер қарамайды? Бұл дегеніңіз – табиғатқа қиянат қой. Ол жерге мал түсіп, мертігіп жатыр. Оны тоқтату керек. Қазып тастаған жерлерді реттеу керек. Барлық әкімдерге тапсырма».

Мәселенің екінші ұшы аймақтағы жайылым жерінің жетіспеушілігіне кеп тіреледі. Осылай деген Өмірзақ Шөкеев енді игерілмей жатқан жерлерді де назарға алмақ. Және берілген жер 2 жыл бойы пайдаланылмаса, айыппұл салынатынын жеткізді. Бұған қоса жер салығы да 10 есе ұлғаяды. Ал, егістігін қорғаймын деп жер қазғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Алтынбек МЫРЗАЕВ, Түркістан облысы жер инспекциясы басқарма басшысының орынбасары: «Жер кодексінің 65-бабының талаптарын бұзып, пайдаланып жатқан жер пайдаланушылар әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 339-бабына сәйкес әкімшілік жауакершілікке тартылып, осы қоршаған ортаға келтірілген шығын мөлшеріне байланысты аталған жер пайдаланушыларды ҚК 330- бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген».

Жалпы қазір облыс бойынша 152 елдімекенде жайылым тапшылығы тіркелген. Ал, жыл соңына дейін 130 мың гектар жер қолданысқа берілмек. Осылайша жайылым жері 21 пайызға артады деген жоспар бар.

Назерке Үкібасова