Шымкентте жаңа оқу жылында үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға азаяды. Қалада алдағы оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды басталған. Үшінші мегаполисте бұған дейін апатты жағдайдағы 1 мектеп болса, ескі ғимарат орнында жаңа оқу нысаны бой көтеруде.
Жауаптылар аталған білім мекемесін жаңа оқу жылында қолданысқа беруге тырысамыз деп отыр. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан 2025 жылға дейін Шымқалада 72 мектеп салу жоспарланғандығын айтты. Бүгінде оның 32-сінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Және жыл соңына дейін жаңа 20 білім ұясы қолданысқа берілмек.
Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «2021 жылы білім саласына Шымкент қаласы бойынша 135 млрд. теңге қарастырылған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 84,3 пайызға артық. Қазір қалада 760 білім беру мекемелері бар. Онда 341 814 блім алушы бар. Былай қарасаңыз Шымкенттегі әр үшінші адамның бірі — бұл біздің білім саласында я тәрбиеленіп жатыр, я білім алып жатыр, я колледж студенті деген сөз. ЖОО студенттерді қоспағанның өзінде. Сондықтан білім саласының, білім басқармасының қаладағы әлеуметтік рөлін осыдан-ақ байқай беруге болады».
Шыңғыс Мұқан өз сөзінде қаладағы 7798 оқушыны жазғы сауықтыру демалысымен қамтамасыз ету үшін мемлекет есебінен қаржы бөлінгенін де атап өтті. Қазіргі таңда олардың бірқатары сауықтыру орындарында демалуда. Ал жаңа оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында 55748 оқушы керек-жарақ пен киім-кешектермен қамтылатын болады.
Ақмарал Айтбаева