300 мың адамға баспана мәселесін шешу үшін 1,5 трлн. теңге аударылды

119

Екі мыңға жуық қазақстандық зейнетақы жинақтарын инвестицияға айналдырды.

Еліміздегі төрт басқарушы компанияға 4 млрд. теңге аударылған. Бір транзакция шамамен 2 млн. теңгеге тең. Ең сенімді компания ретінде «Жусан инвест» таңдалған. Табысын еселегісі келгендердің жартысына жуығы қаржысын осында аударған.

Дегенмен, қаржыгерлер қауіпсіздік мақсатында ақшаны төрт компанияға теңдей бөлуге кеңес береді. Ал түскен қаражат көңіліңізден шықпаса, ақшаңызды қорға қайта аударыңыз.

Зейнетақы жинақтары арқылы баспаналы болып жатқандар бар. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына осындай 300 мыңнан аса өтініш түскен. Ашылған арнайы шотқа 1,5 трлн. теңге аударылыпты.

Белсенді аймақтар қатарында Алматы, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы бар. Денсаулығын түзеуге ниеттенген 35 мың адам өтініш қалдырған. Олардың 20 мыңға жуығына 18 млрд. теңге аударылды.

Шынар Оразова