Арыстағы жарылыс салдарын жоюға қай елдер көмектесті?

120

 Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ елдері Арыстағы жарылыс кезінде төтенше жағдай салдарын жою үшін қол ұшын созған. Олар бұл жәрдемін ақысыз негізде жасапты. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары мәлімдеді. Оның сөзінше, шетелдік әріптестерінің ақпараттық әрі материалдық көмегінің төтенше жағдайды жоюға айтарлықтай септігі тиген.

Тимур Дәндібаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары: «Шынымен де біздің әріптестер Арыс қаласындағы оқиғадан кейін үлкен көмек көрсетті. Бәрінен бұрын Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасы бірден байланысқа шығып, өз мамандарын консультативтік көмек көрсетуге жіберді. Сондай-ақ, АҚШ Қорғаныс министрлігінің мамандары да баға жетпейтін үлкен жұмыс атқарды. Қарулы күштердің минадан тазарту орталығына ақысыз негізде саперлік құрылғылар, оқу-жаттығу кескіндерін, өзге де құрылғылар мен қондырғылар берді. Ол құралдар бүгінге дейін мамандарды дайындауға қолданылып жүр. Одан бөлек, консултативтік сипатта үлкен көмек көрсетті. Нақты айтсақ, төтенше жағдай салдарын жоюға тартылған біздің саперлер мен мамандардың әрекетін бағалау бойынша көмектесті».

Біріккен Араб Әмірліктері 43 млн. теңгеден астам қаражатқа қондырғылар берген. Ал Үндістанның қорғаныс министрлігі ақысыз негізде жарылыстан қорғайтын костюмдер жіберіпті.

Әлихан Файзханов