Шымкентте жастарға берілген баспана сапасы депутаттар бақылауында

153

Шымкентте жастарға берілген баспаналардың сапасы басты назарда. «Нұр Отан» партиясының жас депутаттарынан құралған жастар қоғамдық кеңесі сатып алу құқығынсыз берілген баспаналардың сапасын тексеріп, тұрғындардың шағымын тыңдады. Мониторинг барысында байқалған кемшіліктерді мердігер компания 10 күн ішінде қалыпқа келтіреміз деп сендірді.

Тұрғын үйлердің сапасы тексерілді. Биыл Шымкентте жастарға сатып алу құқығынсыз бір бөлмелі 195, екі бөлмелі 105 пәтер табысталған еді. Алайда баспанаға қол жеткізгендердің қуанышы көпке созылмаған сияқты. Айтуларынша, «Тұран» шағынауданында орналасқан тұрғын үйдің құрылыс сапасы қазірдің өзінде сын көтермейді екен.

Жаңадан берілген үйлерді аралап шыққан депутаттардан құралған жастар қоғамдық кеңес мүшелері мұндай олқылықтар бір емес, бірнеше үйде бар екенін жасырмады. Кафельдердің жарылғанын байқаған тұрандықтар жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді. Ал құрылыс басқармасы бұдан ешқандай қауіп жоқ деп сендірді.

Бағлан Үсенұлы, Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
«Тұрғын үйде орын алған кемшіліктерді мердігер мекеме 5 жылдық кепілдік мерзім ішінде қалыпқа келтіріп береді. Үйде жарық пайда болғаны… Иә бұл қаңылтыр. Бірақ үйдің өзінің конструкциясы монолит. Яғни, бұл ешқандай қорқынышты емес».

Жыл басынан бері шаһарда жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 300 пәтер берілген болса, оның 145-і дәл осы «Тұран» шағынауданында орналасқан. Құрылысқа жауаптылар анықталған кемшіліктер алдағы 10 күнде түзеледі деп сендірді. Ал, жастар қоғамдық кеңес мүшелері берілетін тұрғын үйлердің сапасына басты назарға алып, мониторинг жүргізуді жалғастырамыз дейді.

Айта кетейік, биыл Шымкентте «Жастар» бағдарламасы аясында 900 жасқа сатып алу құқығынсыз пәтер беру жоспарланған. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында айтылған. Оның 300-і тапсырылған.

Олар «Асар 2», «Тұран» және «Жаңа Тұрлан» шағынаудандарында орналасқан. Мәслихат депутаттары қалған 600 пәтердің жыл соңына дейін белгіленген уақытында берілуін қадағалалаймыз деп отыр.

          Мөлдір Ибадуллаева