Түркістан: «Мектеп директоры кетсін!»

289

Түркістан облысы Ордабасы ауданның тұрғындары ауылдағы мектеп директорының жылы креслосынан кетуін талап етіп, шу шығарды. Бұл жағдайға түрткі болған бірден-бір себеп, ағымдағы жылы 2 маусым күні 9-шы сыныпты бітірген Мықтыбек Эльвира өз-өзіне қол жұмсап қаза болған.

Бұл қайғылы жағдайға ауыл тұрғындары мектеп директорын кінәлап отыр. Яғни, білім беру мекемесі басшылығының тарапынан өрімдей қызға емтихан кезінде қысым көрсетілген дейді. Енді абыройы айрандай төгілген директор мектепті басқаруға мүмкіншілігі жоқ және жұмыстан кетсін деп талаптарын қойды.

Көкарал ауылындағы мектепте 1-ші қыркүйек дау-дамаймен басталды. Мағжан Жұмабаев атындағы мектепті басқарып отырған директордың кетуін талап еткен тұрғындар, өздерінің бала-шағалары үшін алаңдаулы екендерін айтады. Себебі, бір қыздың өмірімен ойнаған білім беру мекемесінің басшысының енді не ойлағаны барын қайдан белеміз деп үрейленіп отыр.

Жұлдызай Сұлтанова, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Оқымаса оқымай кетсін, білім алмаса алмай кетсін. Ондай басшыдан шыққан оқушылар қандай оқушы болады. Қандай тәлім-тәрбие алады ондайдан. Ол директор қайтып келетін болса, мен жібермеймін. Жібересіздер ма? Жібермейді ешкім».

Ал, айдың-күннің аманында қызынан айырылып қалған әкесі енді осы мектепте оқып жүрген қалған балаларыма алаңдаулымын дейді. Оның үстіне, қайтыс болған қыздың анасы да осы білім беру орынында мұғалімдік қызметте екен. Яғни, басшысын көрген сайын ішіндегі жараның беті қайта ашылып кете береді деп қан жылайды.

Ақылбек Тәліпбаев, марқұм болған қыздың әкесі: «Мен жаңағы тергеу бөліміне, облыстық департаментке қанағаттанбаймын. Үш айға созылып кетті бұл. Екі айда бітіреміз деп уәде берген. Күдігім бір-бірімен байланысы бар болды. Мынау ІІД мен білім саласы  аудан бөлімі барлығының бір-бірімен байналысы бар. Сондықтан да үш айға созды деп санаймын мен».

Ал, мектеп директоры жұмыста болмай шықты. Жиналғандармен бірге келген қайын атасы келінінің қан қысымы көтеріліп, ауырып жатқанын айтып қалды. Телефон шалып хабарласқанымызда жауап та бермеді. Алайда, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы атышулы мектеп директорының жұмыстан уақытша шеттетілгенін жеткізді.

Шұға Нұрабаева, Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
«8-ші маусым күні мектеп директорын мен қызметінен шеттеттім. Өйткені, тергеу амалдарына ешқандай кедергі болмасын деген мақсатпен. Міне, күні бүгінге дейін мектеп директоры бұл мектепке келген жоқ. Алайда, мен құзырлы мекемелердің тексеруін күтудемін. Егер де қортындысы қолымызға тимесе, мен ол мектеп директорын сен жұмыстан кет деп дәлелсіз айта алмаймын».

Алайда, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы директордан өз еркімен орынын босатуды талап етіпті. Бірақ оқу орнының басшысы істің ақ-қарасын білмей кетпеймін деген сыңай танытыпты. Енді басы дауға қалған директордың жұмыстан қашан кетітінін не қалатыны құзырлы орган өкілдерінің шешіміне байланысты болмақ.