Түркістан облысында жыл басынан бері 40 адам суға кетіп, қаза тапты. Оның 29-ы кәмелет жасына толмағандар.

Ал, тек жазғы шомылу маусымында су айдынында 27 адам көз жұмды, соның 20-сы балалар. Бұл туралы облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.

Өңірде суға түсу маусымы сәуір айынан басталып, қазан айына дейін созылады. Төтеншеліктер аймақтағы 176 қауіпті орынға 450-ге жуық ескерту белгісі, 210 ақпараттық стенд орнатқан.

Облыс аумағында төтенше жағдай қызметкерлері аудандық, қалалық жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, 3000-ға жуық рейд жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, бұл жұмысқа 2 136 ерікті тартылған. Суға шомылу кезіндегі қайғылы жағдайлар, өз күшін жете бағаламау мен балалардың қараусыз қалуы салдарынан болған.

Әлихан Файзханов