Сайрам ауданы жыл санап өркендеп келе жатқанымен, ондағы мәселелер саны азаймай отыр. Аудандағы өзекті мәселенің бірі – білім беру саласы. Сайрамда үш ауысыммен оқитын бірнеше мектеп бар, алайда олардың жағдайы сын көтермей тұр.
Сайрам ауданындағы бұл мектеп бастауыш сыныптарын оқытады. Оқу орнының ғимараты жалға алынып отыр екен. Тіпті, қыстыгүні мектепті көмірмен жылытатын көрінеді. Мектеп ғимараты ендігі күрделі жөндеуге жарамайды, тек жеңіл жөндеу жұмыстарымен ғана шектеліп отыр.
Ахмет Азатұлы, Мектеп директорының міндетін атқарушы: «Қаржы тек мұғалімдердің жалақысы, болды. Көмірге бөлінеді, жарыққа бөлінеді қаржы, суға бөлінеді. Негізі мына мектеп жөндеуге жарамайды. 1 млрд. 412 млн. теңге қарастырылып қойған жаңа мектепке. Соны күтіп отырмыз енді. Бір жарым жылдай боп қалды».
Ал, бұл жер — мектеп асханасы. Ұстаздардың айтуынша, бөлме жеңіл-желпі жөндеуден өткен. Мұнда 90 балаға дейін тегін тамақтана алады.
Биліктегілер бұл мектептің жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде бергелі бірталай уақыттың жүзі болды. Енді мерзімін 2022 жылға қалдырып отырған көрінеді. Мектеп оқушылары мұндай халден қалыпты жағдайға қашан ауысады? Ол жағы әзірге белгісіз.
Гүлдана Дәурен