Төлеби ауданының мүмкіндігі шектеулі азаматтары Түркістан қаласын тамашалап қайтты. Туристік сапар еліміздегі «Мүгедектер күніне» орай ұйымдастырылды. Келушілер шаһарда жаңадан бой көтерген жаңа ғимараттарды аралап, қаладағы оң өзгерістерді көзбен көріп қайтты.
Төлеби ауданының тұрғыны Ақтөре Шалдарбек Түркістан қаласына соңғы рет 9 жыл бұрын келген екен. Ерекше жандарға осындай мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын деген ол шаһардың адам танымастай өзгергенін айтады. Сондай-ақ, мереке қарсаңында өздерін елеп-ескеріп, қуаныш сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Ақтөре Шалдарбек, Төлеби ауданының тұрғыны: «Әсер өте керемет болып жатыр. 2012-ден бері келмеп едім. Келіп, көріп, бір марқайып, көңіліміз-көтеріліп қалып жатыр. Осы қатарда айтып өтейін, Ғалымжан Елшібаев ағамызға рақмет! Мүмкіндігі шектеулі жандарды ел қатарлы көрсін деп осындай игі мақсатта жұмыс жасап жатқанына алғысымыз шексіз! Өте керемет әсерде болып жатырмыз, үлкен рақмет!».
Төлебилік Бауыржан Абдуллаев та бұл шараның өзіне ерекше көңіл-күй сыйлағанын айтады. Сөзінше, бүгінде көз тоймас көрікті қалаға айналған өңір барлық келушінің көңілінен шығып жатыр.
Бауыржан Абдуллаев, Төлеби ауданының тұрғыны: «Түркістан қаласына 2008 жылы келгенмін. Содан бері бірнеше жыл уақыт өтіпті. Өте керемет! Ескі қалашық, мавзолейге тәубе етуге келіп отырмыз. Түркістан өте өзгеріп кетіпті. Халықаралық деңгейдегі үлкен қалаға айналыпты».
Жаңа қаланы аралауға 20 адам мүмкіндік алған. Туристер қатарында 1,2 топтағы мүгедектері мен олардың күтушілері және әлеуметтік сала мамандары бар. Сондай-ақ сапар қауіпсіз өтуі үшін туристермен бірге дәрігер және полиция қызметкері де болған. Саяхат қазан айының екінші жексенбісі — еліміздегі «Мүгедектер күніне» орай ойластырылған. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар мүгедектігі бар жандардың қоғамға араласуы үшін маңызды екенін жеткізді.
Ғалымжан Елшібай, Түркістан облыстық мәслихат депутаты: «Кезекті қоғамдық қабылдаудың біріне арыз-шағымын айта келген мүмкіндігі шектеулі жан өзінің Түркістанның тотыдай түрленіп, дамып жатқанын тек теледидардан көріп тамсанатынын, газеттен оқып қана қызығатынын, өзі сияқты тағдырлас жандардың да Түркістанды көргісі келетінін, Түркістан туралы аңыз бен ақиқатқа толы әртүрлі қызықты әңгімелерге аңсары ауып жүрген өтініш-тілегін жеткізді. Бүгін 11 мүмкіндігі шектеулі жан қамтылды. Оның 3 -і қоларбада отырған адамадар, жолдың ұзақтығына қарай денсаулығының шыдайтынына, жас ерекшелігіне, арасында Түркістанды көргісі келетін балаларды да қамтуды ұйғардық».
«Сапар орталығынан» бастау алған туристік сапар этноауыл мен «Ұлы дала елі» орталығымен жалғасты. Содан кейін Төлебиліктер Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етіп қайтты.
Гүлдана Дәурен