«Ұрып өлтірді ме?»: Мектепте таяқ жеген оқушы қайтыс болды

159

Түркістанда мектепте таяқ жеген 5-ші сынып оқушысы қайтыс болды. Оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектеп дәретханасында ұрған көрінеді. Содан жарақат алған балақай бірнеше күн ауырып, ақыры ауруханада көз жұмған.Марқұмның жақындары оқушыларға бас-көз болмаған мектеп ұжымы мен дер кезінде көмек бермеген дәрігерлерге наразы.

Тұңғыш немересі Рамазанның денесін бірер сағат бұрын ғана жерлеген әжесіне көк сөмкені құшақтап егіліп жылағаннан басқа қайран жоқ. Өткен жұма күні мектепке кеткен оқушы сабақтан соққы жеп келген. Денесі ауырсынған ол демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүріпті. Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлайды. Әдетте ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін жайып салыпты.

Гүлнар Маханова, марқұмның әжесі: «Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Енді басынан соққы алған дейді. Қан ұйыпты басына, одан кейін тамыры қысылып қалған деді. Иә, бүйрегі де ісіп кеткен. Ол ата-аналар көп адам айтады екен. Тиын-тебен балалардан жуас балдардан тиын-тебен алады екен. Ана бала айтады екен мен бұл осы кластың атаманымын дейді екен. Соған енді оған ақша беру керек те атаманға. Қазір сонда әлімжеттік боп тұр ғой».

Рамазан оқыған №18-ші мектеп-гимназияда әлімжеттік көп орын алады деген әңгіме ата-аналар арасында көп айтылады екен. Бірақ, мектеп директоры оны жоққа шығарды. Тіпті ата-аналармен жиналыс та өткізіпті. Бірақ ол отырыста сыныптағы сотқарлық туралы сөз болған жоқ дейді директор.

Уәлихан Бесімбаев, Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры: «Соққы жеді деген болған жоқ. Бірақ, солай айтылған. Бірақ, біз міне ата-аналармен де жұмыс жасалынды. Бізге айтылғаны сынып жетекшісін бізден ауыстырып, шамалы қаталдау талапшыл сынып жетекшісін қойсаңыз деген ұсыныс айтып кетті. Ондай бір баламыздың жағдайына қорқамыз немесе мынадай деген мәселе болған жоқ».

Бұл мектептің іші-сыртына түгел бейнебақылау камералары орнатылған. Бірақ жұма күні дәретхана маңындағы камера істен шыққан дейді директор. Тіпті таспаны кері айналдыруды білетін мектепте маман жоқ деп құтылды. Десе де бұл іске қазір полиция араласып жатыр.

Салтанат Қаракөзова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы: «Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптама қортындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады».

Жатырда жатқан кезде әкесіз қалған Рамазанды әжесі бауырына басып, өз ұлындай өсірген екен. Енді небәрі он жасар немересінен айрылған әжесі құзырлы орындардың барлығына шағым түсірмек. Олар мектеп дәретханасында соққыға жығылған оқушыға бас-көз бола алмаған мектеп ұжымын түгел тексерсін деп талап қоймақшы.

Бек Әбиев