Шымкент қаласындағы қуыршақ және жасөспірімдер театрының қызметкерлері басшыларының жұмысына наразы. Қойылым сапасы нашарлап, демалыс күндері қысқарып кеткен қызметкерлер егер басшылық ауыспаса жұмыс істемейміз деп отыр. Ал кейінгі 6 айдың ішінде театрдан 20-дан астам адам жұмыстан шығып кеткен.

Нұрғали Тұрлыбеков Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында 9 жылға жуық қызмет етіп келеді. Алайда, кейінгі 6 айда орын алған жайттар тым шектен шықты дейді ол. Сөзінше, осы уақыт аралығында еңбек дауына байланысты 20-дан астам қызметкер жұмыстан шыққан. Ал орнында қалғандары құқылы демалыстарын ала алмай, үзіліссіз жұмыс істейтін көрінеді. Нұрғали Тұрлыбеков барлық мәселе басшылыққа келіп тіреліп отыр дейді.

Нұрғали Тұрлыбеков, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының дыбыс операторы: «Спектакльді аяқ астынан бізде қоя салады. Оған актер де, кез келген адам дайын емес. Бір спектакльдер, «Гамлет» қойылды бізде аяқ астынан, үлгере алмай жатырмыз, мен постановкасын қойып үлгере алмай жатырмын. Ол келіп маған сен бар да анаған көмектес дейді. Негізі бұл мәселені алдында біз көтергенбіз. 32 адам қарсылық білдіріп, басқармаға апарып көрсеткенбіз. «Біз қарсымыз, осы басшылықтың келгеніне біз наразымыз. Бізге басқа басшылық беріңіз» деп. Ханзада апай келді да, басу айтты да кетті».

Ал Ақмарал Дәулетәліқызы аталған мекемеде бас суретші қызметін атқарған. Жақында ғана орнын босатқан ол мұндай басшылықпен жұмыс істеу мүмкін еместігін айтады. «Қойылымға қажетті дүниелердің құнын айтып, қаражат бөлуді сұрасам, ақшаны оңды-солды шашасың» деп жеке басыма өтіп, даттайды дейді Ақмарал.

Ақмарал Дәулетәліқызы,Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының бұрынғы қызметкері: «4 спектакль шығардым, ақша беру жағына келгенде, жекеменшік ақшасы ұқсап бермейді. Бір затты алып келсең, ол қымбат басқасын арзанын тауып кел дейді. Театрдағы ескі заттарды пайдалан дейді, ол қуыршақ театрына арналған заттар, олар драмаға келмейді. Біз драма жасаған емеспіз жаңадан бастап жатырмыз. Осынша шырылдадым. Сонша қиналғаным соншалықты, жұмыстан кетуге тура келді».

Жиналғандардың айтуынша, жарты жылдың ішінде жұмыстан кеткен қызметкерлер әлі де театрдағы жұмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ басшылық ауыспай театр табалдырығын аттамаймыз деп отырған көрінеді.

Үсен Алтаев, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының дыбыс операторы: «Қазір театрымызда суретші жоқ. Бұл басшымен жұмыс істей алмаймын деп ол да кетті. Сөйтіп білікті мамандардың көбісі жұмыстан шығып кетті».

Сондай-ақ, қойылып жатқан қойылымдар кішкентай балалардың жасына лайық емес дейді қызметкерлер. Онымен қоса, қойылымдар кестесі де өте тығыз екен. Жиналғандар тіпті бір күн демалыс жоқ екенін айтады.

Үсен Алтаев, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының дыбыс операторы: «Көрермен табылмағаннан кейін 2-3 сынып балаларын әкеліп отырғызып қойды. Ересектерге арналған қойылым – үлкен, ауыр қойылым ол. Оны ересектердің өзі әрең түсінеді шындап келгенде. Оқушыларды алып келген кісі «мыналар не түсінеді, біздің өзіміз түсінбейміз ғой оны» деп айтады. Бізге келіңдерші деген соң келдік».

Сәбит Текаев, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының актері: «Бұл балаларға арналған мекеме ғой, мұнда ересектерге арналған спектакль қоюдың не керегі бар? Бұл – таза, пәк балалар өмірі, ал біз оған келіп, үлкендердің лас өмірін, адам өлтіру секілді сахналарды көрсетеміз. Жағдайыңды айтып сұранайын десең, кімге барарыңды білмейсің. Директорға барсаң, басқаларына сілтейді».

Ал қызметкерлер наразылық танытып отырған театр директорының міндетін атқарушы Самат Алтаев өзінің бұл айыптаулармен келіспейтінін, мұндай бас көтеруге негіз жоқ екенін айтты.

Самат Алтаев, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директорының міндетін атқарушы: «Біздің мақсатымыз – театр ішіндегі мәселені өзіміз шешкенін қалаймыз. Сіздердің наразылықтарыңызды театр басшылығына болмаса мәдениет басқармасына ешқайсыңыз белгі берген жоқсыздар, айтқан жоқсыздар оны».

Ал, қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Тұрсынбекқызы орын алып отырған оқиғадан мүлде хабарсыз екенін айтты. Сөзінше, оған келген есеп бойынша жұмыстан кеткен қызметкерлер саны 12, ал жұмыс графигі қызметкерлер айтқандай қатты тығыз емес көрінеді.

Мөлдір Кеуенова, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары: «Осындай дау бар екенін, директорларыңызды қабылдамай жатқандарыңызды немесе заңсыздық орын алып жатса, бірінші басқарма бар ғой. Басқармада мен білмеймін, Ханзада Әзімханқызы білмейді. Неге біз білмейміз, неге біз сырттан естиміз».

2 сағатқа жуық өткен жиыннан кейін Мөлдір Тұрсынбекқызы 1 аптаға жетпей бұл мәселені шешетініне сендірді.

Мөлдір Кеуенова, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары: «Комиссияның қорытындысына сәйкес мен сіздерге хабарын айтам. Қазір біз ішкі құжаттарды қарап жатырмыз. Неге мұндай нәрсеге жол берілді. Кадр мәселесі қалай болып жатыр. Оның барлығы бірақ бір күнде шешілетін мәселе емес. Сондықтан мен сәл ұзартып алып отырмын сәрсенбіге дейін деп. Сол күнге дейін комисся қорытындысын шығарамыз».

Бас көтеріп жиналғандардың әрқайсысы театрда кем дегенде 10 жылға жуық еңбек етіп келеді. Адал жеп отырған нанымыздан айырылғымыз келмейді деген қызметкерлер, басшы ауыссын деген талаптарын басқармаға да жеткізді. Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталып кеткен.

Гүлдана Дәурен