Шымкентте республикалық Әкелер форумы өтті

146

Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Республикалық Әкелер форумы өтті. Парламент депутаттары, Ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысқан шара отбасылық саясат ұлттық стратегиялық басымдықтар мен міндеттерге сәйкес ұйымдастырылып отыр.

Шымкентте бүгін «Әкеге қарап ұл өсер» атты VI Республикалық Әкелер форумы өткізілді. Отбасы институын нығайту мақсатында өтіп жатқан іс-шараға халық қалаулылары қатысып, мінберде сөз сөйледі. Депутат Бақытбек Смағұл форумда қоғам мен жанұяда орын алып жатқан өзекті мәселелер ашық айтылып, оның шешу жолдары да қарастырылатын жеткізді.

Бақытбек Смағұл, Парламент мәжілісінің депутаты: «Әкенің рөлі ерекше, қандай қиындық болсын, төзімділік таныту. «Әкеге қарап ұл өсер» дейді ғой, «Әкенің қас қабағы – баланың бас сабағы» дейміз. Ал қандай сабақ біз беріп жатырмыз, қандай талап қойып жатырмыз. Өзіміз қаншалықты қамқор болып жатырмыз. Өйткені, әйелге деген жылулық ер азаматтан келеді. Ал оған шуақ төгетін кім – ер азамат. Қуатты ма, мұратты ма? Міне, осы тұрғыда әкенің ерекше орны бар».

Форум қатысушыларына қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген мәліметтер ұсынылды. Айтулы зерделеу жұмысы Қазақстанның барлық 17 өңірін қамтып жасалған. Онда отбасылы ерлер мен әйелдермен және өз бетінше бала тәрбиелеп отырған әкелермен сұхбат жүргізілген. Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан әкелердің қоғамдағы орнына тоқталды.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Әкелердің мақсаты – өзім әйелдерді бақытты ету деп білемін. Себебі, әкелер әйелді бақытты ете білсе, балалар да бақытты болады, отбасы да бақытты болады. Әкелер әйелді бақытты ете білсе, жалпы әлем бақытты болады. Қазақта бар ғой кез келген бәленің бастауы да, бақыттың бастауы да сөз дейді. Сондықтан рақмет айту, «тамағың дәмді болыпты» деген сияқты сөз қолдау осы бақытқа бастайтын бірінші қадам екен».

6-шы рет өткізілген Әкелер форумында өскелең ұрпақты тәрбиелеудің өзекті мәселелерін шешу бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Іс-шара соңында өңірлерден келген делегаттарға жеке үлгі ретінде және әке институтын дамытуға қосқан үлесі үшін ұлттық комиссияның атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Әлихан Файзханов