Шымкентте сколиоз ауруына шалдыққан науқасқа алғаш рет күрделі ота жасалды

219

Шымкентте алғаш рет сколиоз ауруына шалдыққан науқасқа күрделі ота жасалды. Қалалық клиникалық балалар ауруханасында өткен отаны Нұр-Сұлтан қаласынан келген білікті травматолог дәрігер жүргізді. Сондай-ақ операцияға аурухананың травматолог ортопеды Бағжан Тұрдықұлов қатысты.

7 сағатқа жуық созылған ота омыртқасы қисайған 10 жасар қызға жасалған. Хирург дәрігерлер науқастың қисайған сүйегін түзетіп, денесін тік ұстау үшін арнайы темір құрылғыны арқа тұсына орнатып берген.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы ортопедия бөлімінің жетекшісі Болат Нағымановтың сөзінше, ота нәтижесінде науқастың омыртқаның қисаюынан пайда болған бүкірлігі жойылады және бойының ұзындығы қалпына түседі.

Айта кетейік, аталған ота түрі ел астанасында 2010 жылдан бері жасалып келеді. Енді жоспар бойынша, қалалық клиникалық аурухана мамандары үшінші мегаполисте де дамытуды қолға алмақ.

Гүлдана Дәурен