Шымкент қаласында шала туылған сәбидің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер күрделі операция жасады. 25 апталық жүктілік мерзімінде дүниеге келген қыз баланың салмағы небәрі 650 грамм болған. Мерзімінен бұрын туылған нәрестеге дәрігерлер ретинопатия диагнозын қойды. Бұл – шала туған балаларда жиі кездесетін қауіпті ауру, егер дер кезінде емделмесе, нәрестенің көзі мүлдем көрмей қалуы мүмкін.
102 күн бұрын дүниеге келген шақалаққа дәрігерлер күрделі ота жасап, нәрестені соқыр болып қалу қаупінен арашалады. Сәби мерзімінен бұрын өмірге келген. Дәрігерлер оған ретинопатия диагнозын қойған. Бұл ауру шала туылған балаларда жиі кездеседі және егер дер кезінде емделмесе, көру қабілетінің толық жоғалуына алып келуі мүмкін.
650 грамм салмақпен туған қыз баласына №2 қалалық аурухана базасында жоғары дәлдік пен ерекше күтімді талап ететін күрделі офтальмологиялық операция жасалды. Операция кезінде дәрігерлер микрохирургиялық әдіс қолдана отырып, көздегі ақауды хирургиялық жолмен емдеп берді.
Беркін Тұрқұлов, №2 қалалық аурухана бас дәрігері: “Бұл операция өте қиын болды. Бірақ біздің мамандар әрқашан шала туған сәбилерге көмек көрсетуге дайын. Микрохирургиялық әдіс жоғары дәлдікті талап етті, және біз осы күрделі операцияны сәтті жүзеге асырдық. Бүгінде баланың жағдайы тұрақты, өсуі мен дамуы бойынша оң динамика байқалуда”
Күрделі ота жасалған сәбидің салмағы бүгінде 2400 граммға жеткен. Нәрестенің жағдайы тұрақты, өсуі мен дамуы бойынша оң динамика байқалады. Үш айдан аса перзентханада жатқан анасы алғашында сәбиінің жағдайына қатты алаңдағанын айтады. Тіпті отадан кейін оңалып кете ала ма, жоқ па деп уайымдапты. Бүгінде сәбиін құшағына алған жас ана, медицина қызметкерлерінің еңбегі мен қолдауын жоғары бағалап, алғыс айтты.
Айгүл БОЙМҰРЫНОВА, анасы: “Басында сәбиімнің жағдайының жақсаруына сенбедім, бірақ дәрігерлердің қолдауы мен кәсібилігі арқасында бүгінде бәрі жақсы болып отыр. Олар мені үнемі қолдап, қиындықты жеңуге көмектесті. Бүгін біз үйге қайтып барамыз!”
Айта кетейік, жыл басынан бері мерзімінен бұрын туған үш нәрестеге ретинопатия оталары сәтті жасалып, олардың жағдайы да оң нәтиже берген. Бұл медициналық жетістік шала туған сәбилерге көрсетілетін жоғары деңгейдегі медициналық көмек пен мамандардың кәсібилігін тағы бір рет дәлелдейді.
Лаура Нахыпқызы






