1-ші шілдеге дейін коммуналдық қызметтерге тариф көтерілмейді

166

Еліміздегі жағдайға байланысты 1-ші шілдеге дейін коммуналдық қызмет тарифтері көтерілмейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында реттелетін коммуналдық қызметтерге, атап айтқанда, жылумен, сумен, көгілдір отынмен және электр энергиясымен жабдықтау тарифтерін көтеруге мораторий енгізілді.

Шымкент халқын су, электр энергиясы, жылу, табиғи газбен қамтып отырған мекемелер алдағы жарты жылда тарифті көтермейді. Шаһардағы 2149 көпқабатты тұрғын үйлерге, 461 коммерциялық нысанға орталықтандырылған жүйеден жылу беріп отырған «Қуатжылуорталығы-3» мемлекеттік коммуналдық мекемесі тарифті керісінше төмендетіпті.
Айдарбек Қалдыкөзов, «Қуатжылуорталық-3» МКК басшысының орынбасары: «Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бар, тарифтерді көтермеуге  мораторий жариялаған. Біз тұтынған жылуға  тарифті 6 пайызға төмендеттік. Тариф 1 шаршы метр 117  теңгеден  107 теңгеден түсті. Тариф көтерліген жоқ».

Сонымен қатар, жылу берушілер төтенше жағдай кезеңінде жиналып қалған қарыздарға өсім есептемейтінін, борышкерлерға жылу берілу тоқтатылмайтынын айтады.

Айдарбек Қалдыкөзов: «2022 жылдың 1-ші қаңтардағы мәлімет бойынша Шымкентте тұтынған жылу үшін 530 млн. қарыз бар. Олардың  335 млн. жеке тұлғалар. Төтенше жағдай кезінде  қарыздарын төлемеген азаматтардан өсім есептелмейді. Және жылу беру  тоқтатылмайды».

Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті монополистермен бейнебайланыс арқылы коммуналдық қызмет төлемдеріне қатысты ұсыныс жасады.

Дархан Қайынбердиев, Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Мекеме басшыларын қала тұрғындарына коммуналдық қызметтерді үздіксіз және сапалы көрсету, елдегі төтенше жағдай кезеңінде және қысқы кезеңде берешегінің бар екендігі үшін тұтынушыларды өшірмеу мәселесін қарау, тұтынушылармен түсіндіру жұмыстарын күшейту және қызмет көрсету кезінде кері байланыс орнату, тұтынушылардың проблемалық мәселелері бойынша келіссөздер арқылы оңтайлы шешім табу, тұтынушылармен байланысатын бақылаушылар мен қызметкерлердің біліктілігін арттыруға шақырамыз».

Сумен жабдықтау тарифі де 1-ші шілдеге дейін өзгеріссіз қалады. Өйткені, президенттің тапсырмасын орындау мақсатында реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифті көтеруге мораторий жарияланды.

Шынар Оразова