«Қаңтар оқиғасы»: Автобустағы адамдарды аман алып қалған полицей алғысқа бөленді

176

Елімізде бүлікшілердің іс-әрекетінен орын алған осынау қаңтар оқиғасында полицейлердің ерлігі айқын көрінді. Қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, тәулік бойы халыққа қызмет еткен сақшылардың еңбегі ерен.

«Біздің полиция» жобасының кезекті кейіпкері – Толыбай Жалғасхан Оразалыұлы. Тәртіп сақшысы – Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби АПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты.
Жалғасхан Оразалыұлы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көліктерді жағып жатқан бұзақыларға сол маңайдағы автобусты өртеуге жол бермей қорғап, ішіндегі адамдарды да қауіпсіз жерге жеткізген.

Оның бұл әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, кеңінен таралып жатыр. Белгілі блогерлер мен журналистер қауымы тәртіп сақшысының антына деген адалдығына тәнті болысып, онысын жарыса жазуда.

Осы орайда, «T-BUS» ЖШС-нің басшылығы: «2022 жылдың 5-қаңтарында Шымкент қаласында орын алған террористер тарапынан жасалған жаппай тәртіпсіздік кезінде Полиция департаментінің қызметкерлерін тасымалдауға берілген «T-BUS» ЖШС-нің үш автобусын террористер өртеп жіберген болатын. Ал төртінші автобусты өртеуге жол бермей тәртіпсіздікті сақтау мақсатында өзі көлік руліне отырып, қауіпсіз жерге аман-сау жеткізген. Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының полиция аға лейтенанты Толыбай Жалғасхан Оразалыұлына мекеме атынан алғысымызды білдіре отырып, қызметіне табыс, жанұясына амандық тілейміз», -деп шынайы алғысын жеткізген.

Сондай-ақ, «Фейсбук» желісінің белсенді қолданушысы Азат Әміртай өз парақшасында: «Осы ерлік үшін Шымкент қаласының Полиция департаментіне жарайсыздар дегім келеді. Рахмет осындай адал да батыр қызметкер үшін. Қоғамда тұрғындар бір жағдай бола қалса бірінші кезекте полицияға үміт артады. Өз жастарымызды мақтан тұтайық», -деп ризашылығын білдірген. Бұл жазбаға полицияға деген құрметін айтып, пікір жазушылардың да қарасы сәт санап артуда.
Айта өтетін ақпарат, Толыбай Жалғасхан – Түркістан облысы, Жетісай қаласында 1998 жылы дүниеге келген. Туған қаласындағы №4 Абай атындағы жалпы орта мектебінде білім алып, 2016 жылы Алматы қаласы ІІМ академиясына оқуға түсіп, 2020 жылы заң мамандығын тәмамдаған. 2020 жылдың наурыз айында Түркістан облысы Ордабасы ауданында учаскелік полиция инспекторы қызметіне тағайындалады. Қазіргі таңда жас полицей Әл-Фараби АПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі қызметін абыроймен атқарып келеді.

Тәртіп сақшылары азаматтардың қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын сақтау жолында қашанда алдынғы шепте қызмет атқарып келеді. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.