«Қазақстан халқына» қоры мұқтаж балаларға қымбат дәрі-дәрмек алуға мүмкіндік береді

81

Әлихан Смайылов үкіметке инфляцияның өсуіне жол бермеу жұмысын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, Премьер-министр «Қазақстан халқына» қорының жұмысына да тоқталды. Қазіргі уақытта қорға 6519 қазақстандық қаражат аударған. Ал, заңды тұлғалардан 12,36 млрд. теңге көлеміндегі қаржы түскен.

«Жоғары инфляция халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақысының құнсыздануына әсер етеді». Осылай деген үкімет басшысы айтулы проблемаға сонымен қатар баға тұрақтылығы мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Мемлекет басшысы 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляцияны бақылау бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған еді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде инфляция мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, бағаны тұрақтандыру міндетін қойды. Инфляция деңгейі өткен жылы қыркүйектегі 8,9 пайыздан желтоқсанда 8,4 пайызға дейін төмендеді. Бірақ бұл да – жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақыларының құнсыздануына әсер етеді. Тұтастай алғанда мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін төмендетеді».

Өткен жылдың қыркүйек айында 2021-2024 жылдарға инфляцияға қарсы ден қою іс-шараларының кешені қабылданған еді. Ұлттық экономика министрі соның нәтижесінде 2021 жылғы желтоқсанда көрсеткіш 0,5 пайыздық тармаққа баяулағанын, ал басқа елдерде өсу үрдісін жалғасқанын айтты.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі: «Өткен жылдан бастап инфляцияның өсуі негізгі макроэкономикалық тенденциялардың бірі болып табылады. Инфляцияның негізгі фактор – әлемдегі азық-түлік бағасының өсуі. Бұл жаһандық пандемиядан кейін логистикалық тізбектердің қалпына келуінің әлі де жалғасып жатқанының нәтижесі саналады. Нәтижесінде, 2021 жылы әлемнің негізгі экономикаларында инфляцияның рекордтық көрсеткіштері байқалды. Қазақстанда да 2021 жылы инфляциялық жағдайдың нашарлауы сезілді. Өткен жылдың қыркүйегінде инфляция бір жыл ішінде ең жоғары мәндерге жетті. Инфляцияның жеделдеуіне азық-түлік тауарлары, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары негізгі үлес қосты».

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатындағы жобалардың жалақы мөлшері мен қатысу мерзімін ұлғайту керектігін атап өтті. Ал, жаңадан құрылған «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры мұқтаж балалардың қымбат тұратын медициналық дәрі-дәрмекке қол жеткізіп тиісінше ем алуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қоғамдық қорға 6519 қазақстандық 10,1 млн. теңге аударса, заңды тұлғалардан түскен қаржы 12,36 млрд. теңгені құрап отыр.

Қор басшылығы алынған барлық қаржы қаражатының толық ашықтығы мен есептілігі қамтамасыз етілетінін мәлімдейді. Ақша Қазақстан халқының игілігіне, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы проблемаларды шешуге бағытталатын болады. Қор, сирек кездесетін және басқа да аурулары бар, халықтың әлеуметтік осал топтарына мұқтаж балаларға, қаза тапқан әскери қызметкерлердің, құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің отбасыларына, сондай-ақ басқа да қайырымдылық мақсаттарға қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ, Әлихан Смайылов жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеу керектігін айтып, Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 1 ақпанға дейін инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін енгізуді тапсырды.

Гүлдана Дәурен