Шымкент қалалық мәслихаты биылдыққа алғашқы сессиясын өткізді. Өкілетті орган қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктен кейін сессияны өткізу тәртібіне бірқатар жаңашылдықтар енгізген. Олардың бірқатары регламентке және күн тәрібінде қаралатын мәселелерді ұсынуға қатысты.
Қалалық мәслихаттың кезекті 13 сессиясының күн тәртібіне енгізілген 9 мәселе алдын тұрақты комиссияларда жан-жақты талқыланғандықтан, олар бойынша баяндамалар қысқа қайырылды.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша атқарылған жұмыстар негізге алынып, тұрақты комиссияның шешім жобасы ұсынылды. Бірінші ұсыныс ол Бадам жағалауын нығайтуға және Ақсай, Қарабастау каналдарын жөндеуге ЖСҚ әзірлеу.
Данабек Исабеков, Шымкент қалалық мәслихат депутаты: «Үшінші барлық ирригациялық жүйелерге түгендеу жұмыстарын жүргізіп, қала тұрғындары өз арықтарын қоқыстан тазартуы бойынша насихат жұмысын жүргізу қажет».
Каналдарды күтіп ұстау және оларды механикалық тазарту жұмыстары мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасы аясында жүзеге аспақ. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түспеген мәселе. Былтыр бұл мақсатта 30,9 млрд. қаражат бөлінсе, биыл 35.7 млрд. бағытталыпты.
Жиында халықты толғандырған мәселелермен етене танысуға мүмкіндік беретін аудан әкімдерінің халықпен кездесулерінің ағымдағы жылға арналған күн тізбелік жоспары келісілді. Сонымен қатар қалалық мәслихатының кезекті сессиясын өткізуді жоспарлау да пысықталды.
Шынар Оразова