Жанармайды қымбат бағаға сатқан серіктестікке айыппұл салынуы мүмкін

76

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметі бойынша  мұнай өнімдерін жеткізушіге айыппұл салынуы мүмкін.

Түркістан облысының Шардара аудандық прокуратурасы мұнай өнімдерін өткізуші «TS Neftproduct» ЖШС-ның 92, 95 маркалы бензинді және дизель отынын (жазғы) жоғары бағамен сатқанын анықтады, бұл Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 171-бабының мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізушілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын арттырғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін нормасын бұзды.

Осылайша, Түркістан облысының Шардара аудандық прокуратурасының ұсынысына сәйкес, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «TS Neftproduct» ЖШС-не қатысты 14 әкімшілік хаттама толтырылып, сондай-ақ ісматериалдары одан әрі талқылау үшін сот органдарына жіберілді.

Сот Департаменттің пайдасына шешім қабылдаған жағдайда бұзушыға 100-ден 1000 АЕК-ке дейін (306 300 теңгеден 3 063 000 теңгеге дейін) айыппұл салынады.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2022 жылғы 6 қаңтардағы №2 бұйрығымен әрекет ету мерзімі күнтізбелік бір жүз сексен күн ішінде мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге шекті бағалар белгіленгенін, бұл бағаларды асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұрып не одан айыра отырып, Әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірістің (түсімнің) жүз пайызы мөлшерінде айыппұл көзделгенін ескерген жөн.

Осыған байланысты, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері мұнай өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауы және белгіленген шекті бағалардан жоғары сатуға жол бермеуі тиіс.
Тұтынушылар, өз кезегінде, ЖЖМ бағасының асып кету фактілері анықталған жағдайда субъектілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Департаментке жүгінуге мүмкіндігі бар.

Шынар Оразова