Жалғызбасты анаға баспана кілті табысталды

177

Айт мерекесінің алғашқы күнінде шымкенттік жалғызбасты ана баспаналы болды. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының ұжымы мен мердігер мекеме өкілдері қолдау білдіріп, 3 бала тәрбиелеп отырған Марфуға Ертаеваға баспана кілті табысталды. 2 бөлмелі үй Көксай-3 шағынауданында орналасқан. Ал үйдің құжаты тұңғыш ұлының атына рәсімделді.

Ораза айттың алғашқы күні игі іспен бастау алды. Қасиетті күнде 3 баланы асырап отырған Марфуға Ертаеваға баспана кілті табысталды. 6 жыл бойы қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасында техникалық қызметкер болып жұмыс істейтін жанға ұжымдастары 2 бөлмелі үй сыйлады.

Марфуға Ертаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қуанышымда шек жоқ! Толқығаннан не айтарымды да білмей тұрмын. Энергетика және инфрақұрылым басқармасына алғысым шексіз! Көп-көп рақмет! Көптен бергі арманыма қол жеткіздім! Биыл жаңа қоныста әрі қарай бала-шағаммен өмірім жалғассын!».

Ауыр дертке шалдыққан жалғызбасты ана Шымкентке көшіп келгелі 1 бөлмелі пәтер жалдап тұрып келіпті. 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған жан «үй сыйлайды деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмепті» дейді. Ал балаларының қуанышы қойнына сыймай жүр.

Гүлназ Абдулла, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен өте қатты қуаныштымын осы күнге жеткеніме! Барлығына мың алғыс! Өте қатты ұнады. Өзімнің әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, өте қатты қуаныштымын!».

Баспанаға қажет қаржыны басқарма ұжымы шамамен 1 ай көлемінде жинап берген екен. Сондай-ақ, сауапты іске мердігер мекеме өкілдері де қолдау білдіріпті.

Боранбай Болатбеков, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Әріптесіміз Ертаева Марфуға көп жылдан бері біздің басқармада жұмыс атқарады. Істеп жатқанына 6 жылдай болып қалыпты.  Жуырда ауырып, ауруханаға түсіп қалды. Әріптестерге айтып ақылдасып, мердігер мекемелер бар, кім қалай көмектесе алады, бәріміз жәрдемедесейік дедік. Барлығына рақмет, қолдай кетті, сөйтіп дереу баспана қарадық. Бүгінгі жиналып отырған себебіміз сол».

Екі бөлмелі баспана Көксай-3 шағынауданында орналасқан. Марфуға Ертаева балаларымен бірге жаңа үйге 1-2 күнде көшіп келмекші. Сонымен қатар, жақын арада міндетті түрде қоныс той жасап, қуанышты көппен бөліссем деп отыр.

Гүлдана Дәурен