Шымкенттіктер қала күнін жоғарғы деңгейде атап өтті. Тұрғындар бір апта бойы атаулы мерекені тойлады. Ал қала күнінде үшінші мегаполис халқы мен қонақтары үшін арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылып, танымал жұлдыздар әннен шашу шашты.
Шымкент – еліміздегі ең жас миллионер қала. Биыл қаламыздың мегаполис статусын алғанына тұп-тура 4 жыл толды. Соған орай жас шаһардың төл мерекесін атап өтуге мыңдаған тұрғын жиналды. Бұл жолы тіпті Шырайлы Шымкентті тамашалауға келген туристердің де қатары көп.
Шетелдік азаматтар да тұрғындардың қуанышымен ортақтасып, шырайлы Шымкентті мерекесімен құттықтады!
Ал бұл Шымкенттің бас алаңы! Әл-Фараби алаңына 5 мыңнан астам көрермен жиналып, сахнада – түрлі би топтары мен қазақ шоу-бизнесінің жарық жұлдыздары өнер көрсетті
Соңғы жылдары Шымкентте ауыз толтырып айтарлық оң өзгерістер көп. Десе де әлі алда атқарылар талай жұмыстар бар. Сондықтан да тұрғындар қала басшылығынан тың өзгерістер күтеді.
Шымкенттің басқа қалалардан айырмашылығы қандай? Бұл сұраққа концерт қонақтары бірауыздан «қаланың басты ерекшелігі — жаны жайсаң тұрғындары» деп жауап берді.
Ләйла Сұлтанқызы: «Жаңалық, жаңаша трендтің бәрі Шымкентте шығады. Жаңарған той-томалақ та, бесік тойын көремін. Білмеймін тіпті мерекелері де, бәрі-бәрі жаңарып жатыр».
«Жұбаныш Жексенұлы: «Шымкенттің мәдениеті бөлек, ерекше қалыптасқан. Сондай керемет, жанымызға жақын қала. Сонысымен қымбат. Қазақтың жүрегі деп атауға да болады».
Маржан Арапбаева: «Шымкент қаласынынң ерекшелігі, әрине өте көп. Ол біріншіден қонақжай халқы. Қаланың әсемдігі, ерекше жасыл, әдемі, күннен күнге дамып келе жатқан қала».
Нұрсұлтан Құрман: «Шымкентке ағылып келіп жатқан жастарды екі бағытта айтар едім. Бірінші стартап жобалар. Яғни, тың технология, жаңа бастамалар. Кәсіп жағынан таныстарым Шымкентке қоныс аударып жатырмын дейтіндер бар. Өнерін осында жандандырғысы келетіндер бар, бейнебаян түсіретіндері де бар».
Мерекелік кештің әдемі нүктесін сиқырлы отшашу қойды. Көптен күткен алаулар Шымкенттің түнгі аспанын нұрға бөледі деуге де болады
Әсем Мәлік