Түркістан облысында өгей әкесі зорлаған 8 жасар қыздың жатырын алып тастады

288
фото ru.aikyn.kz

Түркістан облысында 8 жасар қызды өгей әкесі зорлаған. Дәрігерлер баланың өмірін аман алып қалу үшін, оның жатырын алып тастауға мәжбүр болыпты. Қорлық көрген жеткіншектің анасы, перзентінің бақытты балалық шағын ұрлаған азғын-әкенің қатаң жазаға тартылғанын қалайды.

Өгей әкеден қорлық көрген Әселдің анасы, сұмдық жағдай 23-ші ақпан күні болған дейді. Оның ауруханаға кеткен сәтін пайдаланған күйеуі көрші ауылдағы бағып жүрген малын тастап, үйіне жеткен. Ер адам үшінші сыныпта оқитын жеткіншекті зорлап, қөп қан жоғалтқанына қарамастан, қызды сабаққа жіберген. Бастапқыда «құлап қалды» деп сылтауратқанымен, артынша кешірім сұрап, азғындық әрекетін мойындапты. «Есімді білмеймін» деп ақталған жұбайының әрекетіне ашынған ана, оны қатаң түрде жазаға тартуды сұрайды.

Райхан, Қыздың анасы: «Оқиғаны балам да көрген. Балама «кет» деген ғой, пердені ашып қарап жылап тұрған балама «кет» деп айтқан ғой. Соны кеше ит мойындап отыр. Маған керек емес ондай ит, қоғамға да керек емес адам ол».

Анасының айтуынша, 8 жасар қызға екі рет операция жасалған. Тік ішегін бірнеше жерден тіккен дәрігерлер ақыры жатырын алып тастауға мәжбүр болыпты. Қызымның ана болу мүмкіндігінен айрылғанын сотта естідім деген Райхан, перзентінің өгей әкеден азғындық көріп келгенін 3,5 жылдан кейін бір-ақ білгенін жеткізді.

Райхан, Қыздың анасы: «Анаңа айтсаң сені тұншықтырып өлтіремін, мамаңды өлтіремін де, сені балалар үйіне өткізіп жіберем. Балалар үйіне өткеннен кейін сен үлкен болғасын сені қатын қып алам қайтадан сені» деп қорқытқан. Оны әлі күнге шейін айтады маған. «Мама, маған сөйтіп айтты» деп әлі күнге дейін айтады. Әлі күнге дейін шошып оянады».

Шымкенттегі арнайы орталық директоры Малика Жүсіпова өрімдей қыздардың өмірін талқандайтын жағдай тым жиілеп кеткенін айтады. Маман, педофилдерге берілетін жазаны қатайту керектігін айтып, дабыл қағып отыр.

Малика Жүсіпова, «Көмек» дағдарыс орталығының директоры: «Бұл деген сұмдық жағдай ғой. Өмірінің соңына дейін сотталу керек. Ол ауру ғой, ауру қайтадан ауру қайталайды. 20 жылға сотталды деген ол педофилизмге аз уақыт».

8 жасар Әселмен қазір психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Әзірге болашағына балта шабылғанын қызым білмейді, ертең бойжеткенде тағдыры қалай болады дейді шарасыз ана. 3-ші сыныпты үздік тәмамдаған бүлдіршіннің арманы көп-ақ.

Аида Қарсыбайқызы