Шымкент қалалық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы «Аrtsport» жобасының қаражатын жымқыру ісі бойынша қамауға алынды

72

 Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы «Аrtsport» жобасының қаражатын жымқыру ісі бойынша қамауға алынды. Бұл туралы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі мәлімдеді.

Келіп түскен ақпарат бойынша, департамент тергеуінде 10 миллион теңге шамасында «Аrtsport» ақпараттық жүйесі арқылы балалар үйірмелерге қатысқандығы туралы жалған мәліметтерді пайдаланған ұрлаудың екі фактісі бар. Жалпы, 2022 жылы Шымкент қаласына спорттық мемлекеттік тапсырыс аясында 2,3 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта бюджет қаражатын иемдену бойынша ұқсас фактілер қосымша тексеріліп жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің ресми өкілі – Арман Тілеукенов:
«Шымкентте қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшылығына және биыл өздерінің бақылауындағы фирмаларды қолданып «Аrtsport» платформасы арқылы балалар шығармашылығын жан басына қаржыландыруға бөлінген қаражатты ұрлауды ұйымдастырған басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Соттың санкциясымен басқарма басшысы қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды».

Айта кетейік, 14 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аrtsport» жобасын іске асыру кезінде алаяқтық, қаржыны артық жұмсау, ашықтан-ашық жымқыру басталғанын сынға алған еді.

 Гүлдана Дәурен