Шымкентте жаңа бесінші аудан құрылады

148

Жақында Шымкентте бесінші аудан пайда болады. Ал 220 мың тұрғын үшінші мегаполистегі жаңа ауданының құрамына енеді. Бүгін мәслихат сессиясында халық қалаулылары аталған мәселені қарады. Шенеуніктер жаңа ауданға көшкеннен кейін тұрғындарда құжат рәсімдеу кезінде ешқандай мәселе болмайтынын және бұған бір тиын да қаржы жұмсалмайтынын айтты. Ал жаңа аудан қалай аталады және оны кім басқарады?

Шымкентте тағы бір аудан пайда болады. Ал оның шекаралары Абай мен Әл-Фараби ауданының арасынан өтеді. Құрамына 220 мың тұрғын енетін жаңа ауданның аумағы 36 мың гектарды құрайды. Айта кетейік, жергілікті билік өкілдері тұрғындардың құжаттарды қайта ресімдеу кезінде ешқандай мәселе туындамайды дейді.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы: «Тұрғындарға айтарым, шекаралар ауысқанымен, жаңа ауданға ауысу кезінде ешқандай құжат ауыспайды, оған қажеттілік жоқ. Ешқандай шығын келмейді. Тұрғындар өздері қарайтын емханаға барып емделе береді. Және ХҚКО солай, ештеңе өзгермейді. Осы айдың 19-шы жұлдызында біз тағы да бір сессия өткіземіз. Сол жерде біз нақты атауды республикалық онамастикалық комиссияға жолдайтын боламыз.  Көптеген ұсыныс айтылып жатыр. Соның ішінде Тұран ауданы деген ұсыныс айтылып отыр. Жалпы өзімнің көңіліме қонымды. Қазіргі жағдайға байланысты, жалпы рухты көтеретін, ата-бабамыз армандап келе жатқан атау, оған ешкім қарсы болмайтын шығар деген ой».

Тұран – нақты нұсқа емес. Шымкенттің бесінші ауданын Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне атауы да мүмкін. Ал тұрғындардың ішінде жаңа ауданды 13-ші деп, тіпті Шымкент ауданы деп атауды ұсынып жатқандар да бар.

Жаңа ауданды кім басқаратыны да қызу талқыда. Бесінші аудан әкімі болып Шымкенттегі төрт ауданның бірінің қазіргі басшысы тағайындалуы мүмкін деген болжам да бар.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Қалай аталатыны әлі шешілген жоқ. Бірнеше ұсыныс жолданған болатын. Жоғарғы мемлекеттік органдармен ақылдасып, шешілетін болады. Әкімнің кім болатыны да белгісіз. Себебі, аудан мәслихаттың шешімімен енді құрылды. Содан кейін юстициядан тіркеледі. Басқа да құжаттар бәрі рәсімделген соң, аудан құқықтық тұрғыдан құрылған кезде шешіледі деп ойлаймын».

Ал жаңа ауданға 25 мектеп, 6 медициналық мекеме және 5 шағын бақ ауысады.

Гүлдана Дәурен