200 балаға нысаналы грант бөлінеді

Шымкенттегі «Жеңіл өнеркәсіп және сервис» колледжі 200 балаға нысаналы грант бөліп отыр. Бағдарламаға сәйкес, абитуриенттер 2 жыл 10 ай ішінде қаладағы 12 кәсіпорында біліктілігін арттырады. Ал оқу орнын аяқтағаннан соң, тұрақты жұмысқа орналаса алады.

Биыл тоғызыншы сыныпты тәмамдаған Гүлжайна Амангелді бала кезінен дизайнер болуды армандаған. Сән әлемінде өзіндік қолтаңбам қалса екен деген бойжеткен арнайы гранттан үміткер. Жас мамандарды оқытумен қатар тұрақты жұмыспен қамтитын бағдарламаға дереу өтінім берген ол – нысаналы гранттың жастарға берілген үлкен мүмкіндік екенін айтады.

Гүлжайна Амангелді, Шымкент қаласының тұрғыны:  «Құжаттарымды тапсырып, тігінші-модельер мамандығына оқуға ниеттеніп жүрмін. Бітірушілер өте жан-жақты деп айтты. Енді біз де соған сай жан-жақты болуға тырысамыз».

Еңбек нарығының сұранысына сәйкес Шымкенттегі «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі биыл 200 балаға нысаналы грант бөлді. Яғни, абитуриенттер 12 кәсіпорында біліктілігін арттырып, оқуын аяқтаған соң тұрақты жұмысқа орналаса алады.

Гүлмира Тағаева, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры:
«Бұл грантқа түсетін балалар тек собеседование, беседамен ғана оқуға түсіп кете береді. Бұл жерде аттестаттың орта балы рөл, баланың балы рөл ойнамайды. Бұл қалай жасалады? Мысалы үшін, біздің колледждің өзінің әлеуметтік әріптесі бар. Оңтүстік өңіріне белгілі 32 ірі әлеуметтік әріптесі бар. Соның 12-сімен екіжақты келісім жасалды».

Техникалық сала бойынша білім беретін оқу орны енді студенттердің тұрақты жұмыспен қамтылуына да жағдай жасаймыз деп отыр. Бүгінде колледжбен 12 ірі кәсіпорын арасында келісім жасалған. Ал арнайы грантқа қатысу үшін кәсіпорынның еңбек нарығында кемінде 3 жыл тәжірибесі және дуальді оқыту бойынша тиісті базасы болуы керек.

Күлия Исмаилова, «Гаухар» тігін фабрикасының өкілі:
«Қазір мақсатты түрде гранттар бөлген екен. Ол мекеме үшін өте тиімді деп ойлаймын. Өйткені бірінші курстан бастап, балалар біздің мекмееге келеді екен. Бітіргенше мекемеде жүріп, практикасын өтеді екен. Яғни, оқуын бітіріп жұмысқа келген кезде баланың көзі де, қолы да бәрі үйренеді деп қуанып отырмыз».

Жалпы, нысаналы грант үшжақты келісім аясында жүзеге асады. Нәтижесінде жас маман оқу орнында тек білім алып қана қоймай, тұрақты жұмыспен де қамтылмақ.