«Бір толқында»: Шымкенттік жастар мәжіліс депутатымен кездесті

171

Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских Шымкент жастарымен алғаш рет кездесті. Басты мақсат жастар арасындағы мәселелерді талдап оны жүйелі шешу жолдарын қарастыру. Сондай-ақ ұтымды ұсыныстарды мәжіліске жеткізіп, нәтиже шығару. Жиында қала жастары өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, халық қалаулысымен пікірлер алмасты.

Ел арасында қазақ тілде еркін сөйлеуімен танылған ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Генадий Шиповских Шымкент қаласы жастарымен алғаш рет кездесті. Дөңгелек үстел «Бір толқында» деген атаумен өтті. Себебі депутаттың мұндай кездесу өткізудегі басты мақсаты жастармен бір толқында, еркін пікір алмасу екен.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Бұл кездесудің мақсаты — жастармен еркін диалог алаңын құру. Түрлі сұрақтарын тыңдау, соның ішінде саяси бағытта ғана емес, жастармен етене араласу. Егер ұсыныстары болса, оны парламентте көтеру, не ұлттық арналардағы «Алаң» сияқты бағдарламаларда мәселе ретінде көтеріп айту».

Жиынға Шымкент қалалық «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері мен қаламыздың белсенді жастары қатысты. Олар басқосуда халық қалаулысына тұщымды ұсыныстар айтып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.

«Қазір жастардың шетелдік мамандардан білім алып, тәжірибе алмасуына қандай жаңадан бағдарламалар ашылды?», деген сауалға: «Мен қателеспесем қазір «Болашақтан» өзге Назарбаев университеті мен ұлттық университеттер шетелге оқуға жіберу жайында бағдарламалар бар», деп жауап берді депутат.

Ал шымкенттік жас белсенді Бақдәулет Рысбеков жастар арасында спорттық шаралардың молынан ұйымдастырылуын қалайды. Өйткені өскелең ұрпақ дені сау болуы керек. Ол үшін қаладағы тегін үйірмелер санын арттыру қажет дейді, жас белсенді.

Бақдәулет Рысбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен өзім спорт саласында жүргендіктен, спортты дамытса деймін. Балалардың жалпылама спортпен айналысуына көңіл бөлсе екен. Қазір ата-аналардың балаларын спортқа бергісі келетіні көз қуантады. Негізі тегін үйірме бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ қалай жүзеге асатыны белгісіз. Енді сол үйірмелерді біз сияқты жалынды жастарға берсе деген ойым бар».

Жиында тек Шымкенттегі жастардың проблемасы ғана емес, Жаңа Қазақстанға ортақ мәселелер де көтерілді. Оның бірі мәдениет саласында болса, енді бірі спорт, әлеуметтік көмек көрсету сынды бірнеше саланы қамтыды.

Әсел Мәлік