Салықтан жалтарып жүрген азаматтардың атында тұрған көліктерге шектеу қойылуда

125

Шымкентте 30 мыңнан астам азамат көлік салығын төлеуден жалтарып жүр. Олардан өндірілуі тиіс салық 1 миллиард 300 миллион теңгеден асады. Дені – қымбат автокөлік мінгендер. Және меншігінде бірнеше машинасы барлар.

Мәселен, астында 8 көлік тіркелген тұрғынның берешегі 5 миллион теңгеге жеткен. Қарызы қыруар 100 азаматтың тізімі жасалып, мемлекеттік кірістер департаментінің ресми сайтына жарияланды.

Көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталатынын білетін жерлестеріміз ерте қамданып, міндетті төлем бойынша есептесіп қойыпты. Алайда салықтан жалтарғандар да жеткілікті,- дейді қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары.

Бауыржан Омартаев, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы: «30 мыңнан астам азаматтың көлік салығынан 1 млрд. 300 млн. астам қарызы бар. Ол соманың 317 млн-ы  – өсімпұл сомасы. Борышкерлердің басым бөлігі қымбат автокөлік мінгендер. Және меншігінде бірнеше машинасы барлар. Мәселен, атында 8 көлік тіркелген тұрғынның берешегі 5 миллион теңгеге жеткен».

Көлік салығынан берешегі жиналып қалған 100 азаматтың тізімі мемлекеттік кірістер департаментінің ресми сайтына жарияланыпты. 30 мыңнан астам азаматтан міндетті төлемдерді мәжбүрлеп өндіру бойынша сот орындаушылары жұмыс атқаруда. Бұдан бөлек ішкі істер департаментімен түзілген екі жақты меморандумға сәйкес, мамыр айынан бастап қала аумағында біріккен рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

Бауыржан Омартаев, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы: «Іс шараның  нәтижесінде, 157 азаматтан 98 млн. теңге өндірілді. Рейд барысында қарызын төлемесе, көлігі айып тұрағына қойылады. 45 көлік айып тұрағына жеткізілді».

Азаматтардан түскен салықтар әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалатынан хабардар жерлестеріміз көлік салығын төлемегендерді жауапқа тарту керек деген ойда.

Өмірбек Алданов, қала тұрғыны: «Тәртіпсіздік қой, қалай олар көлік салығын төлемейді. Менің көлігім бар. Мен мерзімінде төлеймін. Қарызын өтемесе, оларды  жазалау керек».

Әкімшілік полиция басқармасының мәліметі бойынша Шымкентте жеке тұлғалардың атында 265 521 көлік тіркелген. Көлік салығынан ағымдағы жылға жоспар 3 млрд. 635 млн. Бүгінге түскені 3 млрд 790 млн. 30 мың адамның 1 млрд 300 млн  қарызы өндірілмеген.

Салықтан жалтарып жүрген азаматтардың атында тұрған көліктерге шектеу де қойылуда. Яғни, қарызы бар адамдар көлікті есептен шығара алмайды және тіркеуге қоя алмайды. Сондықтан, сала мамандары азаматтарды осындай шектеуге жеткізбеу үшін көлік салығын мерізімінде төлеуге, қарыздарды өтеуге шақырады.