Түркістан облысында астық ору науқаны аяқталып жатыр

49

Түркістан облысында күн райына байланысты астық ору науқаны ерте басталды. Биыл өңірімізде ауыл шаруашылығы дақылдарынан 500 мың тонна өнім алу жоспарланған. Ал қазірдің өзінде 350 мың тонна астық қамбаға құйылды. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев егін алқабына арнайы барып, дихандар жұмысымен танысып қайтты.

Биыл Түркістан облысында 850 мың гектер алқапқа ауыл шаруашылығы астығы егілді. Соның ішінде 2000 гектары Төлеби ауданынадағы «Бірлік» ө­ндірістік кооперативіне тиесілі. Олар бидай, мақсары, арпа сынды дәнді-дақыл түрлерін еккен. Кооператив басшысының айтуынша биыл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда мол өнім алыпты.

Әбдінұр Әбдәліұлы,  «Бірлік» ӨК төрағасы: «Биылғы ауа райы жыл шаруашылыққа қолайлы болды».

Өңірімізде бүгінге дейін 350 мың тонна астық орылып алынды. Сөйтіп биылға жоспарланған меженің 75 пайызы орындалған. Астық ору науқанының тыныс-тіршілігімен облыс басшысы танысып, бағасын берді.

Өңірде егістік жер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға ұлғайған. Ал биыл жиналатын өнім гектарына 18,7 центнерді құрады. Ол 2021 жылға қарағанда 8 центнерге артық. Сәйкесінше осы астық ору науқанында 500 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылын алу жоспарланған.

Тұрғанбек Оспанов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысы: «Биыл жыл қолайлы болды. Шаруаларға да мемлекеттен көмек өз уақытында берілді. Биылға бағаға келетін болсақ, қазір өнім килограмына 21 теңгеден сатылып жатыр, былтыр да сондай болған. Биыл өнімнің көп болғандықтан баға бір орында келе жатыр. Астықтың мол алынуы шаруалардың еңбегінің арқасында».

Айта кетейік биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдернен 1 трлн. теңге табыс табу керек.

Әсел Мәлік