Түркістан облысында жыл соңына дейін рекордтық жол салу жоспарлануда

48

Түркістан облысында жыл соңына дейін рекордтық жол салу жоспарлануда. Аудан орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдарда да жол жаңартылып жатыр. Десе де құрылыс сапасына қатысты түйіткілдер жоқ емес. Бүгінде өз ісіне жауапкершілікпен қарамаған мердігерлерге ескерту жасалып, арнайы тізімге ілініп үлгерген.

Облыс басшысы сапасыз жолдар үшін жауаптылар тек айыппұлмен құтылмайтынын, сонымен қатар лицензиясы толығымен алынатынын қатаң ескертеді. Оған қоса, облыс әкімі биылға жоспарланған бірқатар ауқымды жобаларды атап өтті. Ал, шенеуніктер бұл бастаманың сәтті нәтиже беретініне сенімді.

Ролан Ибрагимов,Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Мен бұл жолдарға сенімдімін. Мысалы, жуырда Қазғұртқа, Түлкібасқа бардық. Жөндеу мерзімі біткен, бірақ жөндеуге тұрмайтын жолдар бар, себебі сызат, ойық, шөгу жоқ, 5 жыл бұрын салғандай, әлі де сапасы жақсы. Сонымен қатар, бұрын мердігерлердің кепілдік міндеттемелері 3 жыл болса, қазір ол 5 жыл. Әсіресе қазір материал қымбаттап жатыр. Ол жерге қандай техниканы жұмылдыру керек екенін ақауына қарай қараймыз. Техниканы жұмылдыру үшін 1 миллион теңге қажет. Оңтүстікте осыдан 10 жыл бұрын 27 асфальт-бетон зауыты болса, қазір олардың саны 50-ден асты. Бұл мердігерлердің асфальт-бетон зауытын сатып алуға тырысып жатқанын және жолдың қалыңдығы мен енін үнемдеу оларға тиімсіз екенін көрсетеді».

Тұрғындар жолдың сапасына жиі шағымданады. Көпшіліктің пікірінше, бұған негізгі себеп құрылыс материалдарын үнемдеу. Бірақ аталған мәселеге қатысты мамандардың өз жауабы бар.

Аида Қарсыбайқызы