Жантүршігерлік жол апатынан 3 бала реанимацияға түсті

26 тамызға қараған түні Бәйдібек би даңғылы мен Көшеров көшелерінің қиылысында, сағат екілер шамасында жантүршігерлік жол-көлік апаты болды. Жол қиылысында Toyota Camry және Audi A8 көліктері соқтығысқан.

Көлікте ерлі-зайыптылар 3 баласымен болған. Апат салдарынан бүлдіршіндердің анасы көз жұмды. Көлік жүргізген күйеуі орташа дене жарақатын алған. Ал үш бала түрлі дене жарақаттарымен жансақтау бөліміне түсті.

5 және 3 жастағы екі ұлдың жағдайы ауыр, дегенмен аздаған өзгерістер бар дейді дәрігерлер. Ал бір жарым жасар қыздың жағдайы өзгеріссіз, өте ауыр күйінде. Кішкентай қызда бауырдың жыртылуы, ішке қан кету белгілері болғандықтан шұғыл ота жасалған.  Бүлдіршіндерің үшеуіне де жарақаттарына байланысты 1 апта көлемінде ота жасалады. Ақ халаттылар операция жасау үшін  балалардың аздап беті бері қарап,  шок жағдайдан шыққанын күтіп отыр.

Ержан Байдуллаев, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:  «26 күні түнгі сағат 1:12де жедел жәрдем көмегімен ауруханаға 3 баланы алып келді. Жол-көлік апатынан кейін алып келген науқастар. Келгендегі жағдайы өте ауыр. Жағдайының ауырлығына байланысты қабыладау бөлімінде реаниматолог дәрігерлер және жауапты дәрігерлермен қаралып, бірден жансақтау бөлімшесіне көтерілген. Түрлі бас-ми және басқа да дене жарақаттарымен келген. Кішісіне ота жасалынды. Іш-қуысына қан кету белгілерімен жедел түрде жасалды. Қазіргі таңда балалардың жағдайы ауыр күйінде қалуда. Үлкені және ортаңғысының жағдайы ауыр, бірқалыпты тұрақты. Кішісінің жағдайы өте ауыр. Өкпені жасанды желдендіру аппаратында. Әлі толық өзінде емес есі, кома жағдайында жатыр».