Шымкентте 3 жылда 5 емхана салынады

30

Шымкент қаласының әкімі “Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау” ұлттық жобасын іске асыру бойынша баяндама жасады. Үкімет отырысында мегаполис басшысы сәбилердің өмірін сақтап қалу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, ұлт денсаулығын жақсарту үшін бүгінде Шымшаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі Шымкентте алдағы 3 жылда 5 емхана және 200 төсек орындық заманауи периниталдық орталық салу жоспарланып отыр. Болашағымыз балалар да назардан тыс қалмаған. Ол үшін 10 мобильді педиатриялық бригада құрылды. Емханаларда отбасын жоспарлау және баланы дамыту кабинеттерінің саны 2 есеге артты. Одан бөлек, университеттік аурухана мен 700 адамды қабылдауға қауқарлы орталық салынады.

Елімізде дүние есігін ашатын сәбилердің төрттен бірі күнгейде туылатынын ескерсек, алдағы уақытта перинаталдық орталықтар санын арттыру жоспарда тұр. Соңғы әлетте қалада туу көрсеткіші жоғарылап, аяғы ауыр келіншектер мен 5 жасқа дейінгі балалар патронажы 73 пайыздан 100 пайызға өсті.

“Соңғы 8 айда белгіленген 9 индикатордың 8-і орындалды. Бір индикатор бойынша – «Халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы» туралы мәлімет 2023 жылы шығады”-деді әкім баяндамасында.

Елімізде дүниеге келген әр төртінші сәби күнгейліктердің еншісінде екенін ескерсек емдеу орындарының жеткіліксіздігі мәселесі бүгінде өткір тұр. Демографиялық дүмпу туғызып отырған күнгейлік келіншектердің арқасында аурухананы да, емхананы да көбейту алдағы күннің еншісінде.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов сәбилердің өмірін сақтап қалу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Биыл Шымкентте балалар үшін 10 мобильді педиатриялық бригада құрылды. Бала өлімі көрсеткішін төмендету бойынша да нақты жұмыстар атқарылуда.