210 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды

51

Қазақстанда 210 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 75 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жастар «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары, қоғамдық жұмыстар, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және грант алу бағдарламалары арқылы жұмысқа орналасты. Бұл жобалар мамандығы бойынша тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған, сондай-ақ NEET санатына жататын 16-28 жас аралығындағы жастарға арналған.
«Жастар практикасын ұйымдастыру шеңберінде соңғы үш жыл ішінде оқуын аяқтаған жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері қатарындағы жұмыссыздарға қолдау көрсетіледі. 2022 жылы жұмысқа орналасқандар саны 25,3 мың адамды құрады, оның 44%-ы жұмыс берушіде тұрақты негізде бекітілді», – делінген хабарламада.
Тек мектеп білімі бар немесе жақында мамандығы бойынша оқуын бітірген жастарға «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы зейнеткерлік жасқа дейінгі қызметкерлерден бастап жас мамандарға тәжірибе мен білім беруді көздейді. Бұл шара аясында 3,8 мың жас жұмыспен қамтылған.
Ал 30,7 мыңнан астам жас қоғамдық жұмысқа орналастырылды.
Жастар арасында кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мақсатында 58 мыңнан астам адам бизнес жүргізу дағдыларына ие болды, оның 6 мыңына өз ісін бастауға гранттар берілді.
Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша (оқу орнында немесе жұмыс орнында) қысқа мерзімді оқуға 3,3 мың адам жіберілді, олар оқу ақысы түрінде мемлекеттік қолдаумен, сондай-ақ стипендиямен және оқу орнына барып келуге, тұруға және медициналық тексеруден өтуге материалдық көмекпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 1220 адам оқуды аяқтады, оның 985-і жаңа мамандық бойынша тұрақты жұмысқа орналастырылды.
5 мыңнан астам жас Skills.Enbek порталында онлайн оқытудан өту арқылы құзыреттіліктерін арттырып, дағдыларды игерді.
Сонымен қатар Eurasian Resources Group компаниялар тобымен бірлескен «Жастарды жұмысқа орналастыру» жобасы аясында 529 адам жұмысқа орналастырылды.