Бағдарламаға өз үлесін қосуға ниетті жастар қатары артып келеді

20

Мемлекет басшысының тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру туралы тапсырмасына сай Шымкент қаласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қаланың жасыл желекке малынып, көркем кеіпке енуіне «Жасыл ел» еңбек жасақтары да көп еңбек сіңірді. Жаз бойы дамыл таппай, көкөрістерді суғарып, шабындығын шауып, тыным тапқан жоқ. Жастардың еңбек жасақтары шаһарымыздың жасыл қала атануына көп күш қуат жұмсады. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов биылғы маусымда өнімді еңбек еткен жастарға алғыс айтты.  

«Жасыл ел» еңбек жасақтары – ел аумағында жастарды кең ауқымда қамтыған жобаның бірі. Осы жастар қаланың көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, алаңдарда, саябақтарда абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Жоба одан әрі жалғасын табады», – деді басқарма басшысы.

Жалпы, «Жасыл ел» еңбек жасағы он жеті жыл бұрын қолға алынып, табысты жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарламалардың бірі. Аталмыш бағдарлама көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Бұдан бөлек, жастарға жазғы демалыстарын текке өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Жастайынан еңбектің адал нанының дәмін татып, еңбектенудің зор жауапкершілік екендігін сезіндірді. Дәл осы бағдарламаға үлес қосып, еңбек жасақтарында еңбек етіп жүрген жастар саны жыл жылжыған сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде қаладағы жұмыссыз жастардың санының азаюына да ықпал етіп отыр. Атап айтқанда қалада еңбек жасақтарының биылғы маусымында 1313 жас жұмыспен қамтылды. Бұл зор көрсеткіш. Жастар еңбек ете жүріп, қаланың дамуына үлес қосса, екіншіден ата-аналарына ауыртпалық түсірмей, өзіне қажетті заттарын алу үшін табыс тапты. 

Жастардан құралған еңбек жасағы алдағы жылдары да өз жалғасын таба бермек. Дәл осы бағдарламаға өз үлесін қосуға ниетті жастар қатары артып келеді. Олар қаланы көгалдандырудан бөлек қаламыздың қарқынды дамуына да өз септіктерін тигізіп жүр.