Екі индустриалды аймақ құрылып, 2000 жаңа жұмыс орны ашылады

48

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі қазақ халқына жолдауында 2025 жылға дейін қайта өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырған еді. Осыған орай Шымкент қаласының Қаратау ауданында екі индустриалды аймақ ашылады көзделіп отыр.

Қазіргі таңда қос бірдей нысан құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Аталған аймақтарда 35 жоба жүзеге асырылып, 2000-ға жуық жаңа бос жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Яғни, индустриалды аймақ арқылы екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтар жұмыс орналасуына мүмкіндік туады. Бұл туралы аудан әкімі Рахымберді Мулкеманов шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің халықпен кездесуінде мәлімдеді.

«Қазіргі кезде “Тассай” индустриалды аймағының аумағы 100% қамтылған. Осы кезге дейін 20 жобаны іске қосып, нәтижесінде 1500 адамды жұмысқа орналастырдық. Жыл соңына дейін тағы 8 нысанды іске қоссақ, 885 жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Ал, жалпы қаладағы индустриалды аймақтарда 40 жоба арқылы 2587 адамды жұмыспен қамтимыз деп отырмыз»,-деді Рахымберді Мулкеманов.

Индустриалды аймақ ашудың тиімділігіне тоқталған Рахымберді Мүлкеманов бүгінде «Тассай» аймағы жұмыс істеудің барлық кезеңінде 4,6 миллиард теңге салық төлегенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ аудан басшысы инвестиция көлемі ұлғайғанын айтады. Бүгінде ауданға 30 миллиард теңге инвестиция тартылған. Яғни, 1 теңге бюджет қаражатынан бөлінсе, 43 теңге инвесторлар арқылы тартылған.

Айта кетейік, жаңадан ашылатын 23 миллиард теңгені құрайтын “Бозарық” тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы 1500 адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар бұл аймақта 21 тамақ өнеркәсібін ашылады. Ал құны 11 миллиардтық “агроиндустриалдық” аймақтан 14 өндірістік жылыжай кешенін ашу жоспарланған. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізіліп жатыр.

Мөлдір Ибадуллаева