Кәсіп ашамын деген азаматтарға әкімдік қолдау көрсетуі қажет

59

Бүгінде Шымкент қаласында кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамдарға даңғыл жол ашық. Ол үшін жергілікті әкімдіктерге жан-жақты қолдау көрсету тапсырылған. Президент тапсырмасы да осыған негізделген болатын.

Үкіметтің кезекті отырысында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жобаны іске асыру барысы қаралды. Премьер-министр осы бағытта мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды, кәсіп ашамын деген азаматтарға қолдау көрсетуді тапсырды. Айтулы жиында Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік саласы да сөз болды

 

5 жылға арналған кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұлттық жобаның орындалуы аясында Шымкентте іскер қала өңірлік бағдарламасы қабылданған. Құжат шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Оның шеңберінде жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1 пайызбен 10 млн. теңге дейін жеңілдетілген мөлшерлемемен несилендіру. Тоқтап тұрған кәсіпорындардың алаңдарын шағын кәсіпорындармен толықтыру арқылы жандандыру жұмыстары жүргізіледі деп баяндады Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев.

Үкімет басшысы ұлттық жобаның шағын бизнесті сапалы дамытуға және орта бизнесті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Әлихан Смайылов бизнеске арналған міндеттемелерді ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды тапсырды.

Сонымен қатар, әкімдіктерге кәсіп ашамын деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды. Президент тапсырмасы да осыған негізделген болатын. Бұл бағытта жергілікті жауапты органдар тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасына бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ бизнеске арналған міндетті талаптарды, оның ішінде жаңадан енгізілетін талаптарды да қайта қарау тапсырылды.