Шымкенттегі шағынаудандардың барлығы да заманауи, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылуда. Кезек күттірген мәселелердің біршамасы шешімін табуда. Тұрғындар өздерінің шағынаудандарына қажетті барлық жағдай жасалуы үшін қала әкімдігіне базыналарын жеткізіп отырады.
Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Көкбұлақ елді мекенін инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары жалғасуда. Аталған елді мекен қала өркениетіне қажетті барлық жағдаймен қамтылған.
Тұрғын алапқа былтыр толық оптика желісі тартылып, интернетпен қамтылған.
Сондай-ақ 2021 жылы тұрғындар ауыз су мен жарыққа 100% қол жеткізді.
Ал көгілдір отынмен осы жылдың ІІІ тоқсанында қамтылатын болады, құрылыстың 90% атқарылған.
Көкбұлақ елді мекенінде 2 390 тұрғын бар. Тиісті органдар тарапынан жүргізіліп жатқан барлық жұмыстарға тұрғындар дән риза. Тұрғындарды толғандырған
тағы бір мәселе — жолды асфальттау болатын. Қазіргі таңда 9 көшенің бесеуіне тас төселсе, төртеуі асфальтталды. Жалпы былтыр 6 шақырымға шағал тас төселген.
Келер жылы Ағыбек ата, Үркінбай ата, Жомарт ата көшелеріне асфальт төселеді. Ал 2024 жылы Маңлай ата мен Жангелді батыр көшелері асфальтталатын болады.
Қоғамдық көлік мәселесі шешілген,№146 және №180 маршруттары қойылған.
Бұдан бөлек, былтыр 2, биыл 1 балалар алаңшасы пайдалануға берілді.
Тұрғындардың өтініші бойынша осы жылы 800 м Есбол қажы көшесі жарықтандырылды.
Заманауи үлгіде салынған мектебі, балабақшасы бар. Балалар алаңшасы да салынған. Мемлекет басшысының тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасау туралы тапсырмасының игілігін көкбұлақтықтар да көріп отыр.
«Алдағы уақытта елді-мекенімізде шешімін таппаған мәселе қалмайды. Барлық мәселеміздің түйінін тарқатып беріп отырған қала әкімдігіне алғысымызды айтамыз. Балалар алаңшасы деген бұрын болмайтын. Қазір қарасақ, қаладан шалғай шетте орналасқан шағынаудандардың барлығына балалар алаңшасы салынуда. Бұған ең бірінші кезекте ата-аналар да, балалар да қуанышты», — дейді тұрғындар.