Биыл Шымкентте күзгі науқаннан 94 мың тоннадан аса өнім алынды

174

Шымкентте биыл 94 мың тоннадан аса өнім жиналды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары мәліметті.

Биыл жоспар бойынша 90 мың тонна өнім алу көздерген еді. Меже артығымен орындалып, табыс көлемі артты. Қаламызда 30 мың гектар егіс алқабы игерілді. Ол жерден 20 мың тонна дәнді дақыл, 3,2 мың тонна майлы дақылдар, 4 жарым мың тонна картоп, 48 мың тонна көкөніс және бақша өнімдері, 18,3 тонна мал азығы алынды. Ал дала жұмыстарына 725 доңғалақты трактор мен 35 комбайн тартылды. Оларға күзгі жиын терім жұмыстарын жүргізуге 1 000 тонна дизель отыны бөлініп берілген.

«Күзгі жиын-терім жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Биыл 30 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 0,7 мың тектарға артық. Өткен жылы 29,8 мың гектар жер игерілген еді» – дейді ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Мекамбаев.

Сонымен қатар, тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 122,1 млн теңге бөлінген. Қазірге дейін 91,04 млн теңгеге 752,4 тонна тыңайтқыш субсидияланды.

Айта кетейік, қала аумағында қосымша өнеркәсіптік негізінде тағы да 10 гектарлық жаңа жылыжай іске қосылды. Ол «Отан агро» ЖШС-не тиесілі.

Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабында ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен айналысатын бірқатар шаруа қожалығы бар.  Соның бірі биыл модернизациядан өткен «Аянат» шаруа қожалығы. Онда қала тұрғындарын көктем және қыс айларында көкөніспен қамту үшін қызанақ пен қияр егіледі.

Қазір мұнда жылына 500-600 тонна қызанақ өсіріліп жатыр. Ал кәсіпкерлік жердің жалпы аумағы 4 гектарды құрайды. Мекемеде 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта кәсіпкер жерін кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды көздейді.

Биыл 2022 жылдың алғашқы 6 айында құны 114 миллионды құрайтын ауыл шаруашылығы өнімі шетелге экспортталды. Ал ол былтырмен салыстырғанда 23,3 миллион теңгеге артқанын көрсетеді.