Мүлік салығын төлемеген азаматтардың есепшоттары бұғатталады

68

Мүлік салығын төлеу мерзімі ағымдағы жылдың 1-ші қазанында аяқталған. Алайда міндетті төлемдерді төлеуге асықпайтын азаматтарымыз жетеді дейді Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары. Нақтылай кетсек бүгінде аудандағы 15 мыңнан астам салық төлеушінің берешегі 99 млн. 377 мыңға жеткен.

Әл -Фараби ауданы бойынша кірістер басқармасының өкілдері үйлерді аралап, 2021 жылға мүлік салығын төлемеген азаматтарға міндетті төлемді өтеу бойынша хабарлама қағаздарын табыстауда. Естеріңізге сала кетейік, мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталған.

Жұман Шерхан, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы: «Мына Жылқышиев көшесіндегі үй иесі 324 мың қарыз. 2021 жылға мүлік салығын төлемеген. Қолдарына хабарлама берілді, төлемесе салық бұйрығы қалыптастырылып сот орындаушылары мәжбүрлеп өндіреді».

Әл-Фараби ауданында 14 561 тұрғын үйге 257 млн. 243 мың теңге мүлік салығы есептелген. 32 595 пәтерге – 96 млн. 98 мың. 4 мың 443 гаражға 613 мың, жалпы 51 599 жылжымайтын мүлікке 353 млн. 954 мың теңге есептелген.

«15 мыңнан астам салық төлеушінің берешегі 99 млн. 377 мыңға жеткен. Қарызы бар азаматтарға берешегін өндіру үшін 30 күн беріледі. Орындамаган жағдайда салық бұйрығы шығарылып бес күн ішінде сот орындаушыларға жолданады»,-дейді Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы орынбасарының м.у.а. Бақдәулет Утембаев.

Рейдтік шара барысында сала мамандары борышкерлерге мүлік салығын төлеу жөнінде хабарлама табыс етіп қана қоймай Салық Кодексінде қаралған салық төлеушілердің де міндетін түсіндіруде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы заңға қол қойған болатын. Салық өтемдері бюджеттің бүйірін толтыратын болғандықтан тұрғындар бұған немқұрайлы қарамауы тиіс.

Ал мына үйдің иесі қайтыс болған. Алайда міндетті төлемді, яғни мүлік салығын мұрагер төлеуі тиіс дейді мамандар.

Бақдәулет Утембаев, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы орынбасарының м.у.а.: «Қайтыс болған үй иесінің мүлік салығынан берешегін мұрагер міндетті түрде өтеуі тиіс. Бұл Салық кодексінің 47 бабында көрсетілген».

Айта кетейік, 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлемеген азаматтардың есеп шоттары бұғатталады және олардың шетелге шығуы қиындайды.