Тұрғындардың өтінішіне орай жол белгілері орнатылуда

131

Шымкенттің шеткі жағындағы шағынаудан тұрғындары балалардың қауіпсіздігі үшін жол белгілерін орнатып беру туралы қала әкімдігіне өтініш жолдаған болатын. Осыған орай, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласының қауіпсіз жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар тұрақты түрде атқарылып келеді.

Жалпы қала көлемінде 284 бағдаршам нысаны болса, ағымдағы жылы қажеттілігі бар аймақтарға қосымша 12 бағдаршам орнатылды. Сонымен қатар, қала көшелеріне жалпы 450 шақырым жол таңбалары сызылып, 4000 дана жол белгісі орнатылды.

Келер жылғы жоспарға сәйкес, 15 аймаққа бағдаршам орнату жоспарлануда.
Естеріңізде болса, 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша 200 орынға 800 «Сергек» камерасы орнатылған болатын. Биыл да қала аумағында құқық бұзуды тіркеуге арналған автоматты камералар желісін кеңейту бойынша 50 орынға 200 дана«Сергек» камерасын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қаламызда қауіпсіздік шаралары жыл сайын жүйелене түспек. Шымкент ҚПД Әкімшілік полиция басқармасы Жол техника инспекция бөлімінің қызметкерлері қала көшелерінде зерделеу жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді.

Қазіргі кезде Шымкент қаласы Жастар көшесіндегі жол жүрісі қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында ҚР Жол жүрісі қағидаларының 1.16.1 (жасанды бұдырлық), 5.16.1-5.16.2 (жаяу жүргінші өткелі) жол белгілері орнатылуда.

Жүгенсіз жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруына кедергі келтіретін жасанды бұдырлық орнатуға өтініш жасаушылардың қатары көп. Алдағы уақытта қала әкімдігі тарапынан жұмыстар атқарылатын болады. Тұрғындардың өтініші назардан тыс қалмайды.

Тәртіп сақшылары  көлік жүргізушілеріне жол белгілеріне назар салып, жол ережесін қатаң сақтауға шақырып отыр.