Қазақстанда 2022 жыл — балалар жылы болып бекітілді. Олардың тыныш өмірі Қазақстанның табысты болашағының сенімді кепілі. Сондықтан рухани астанада балалар денсаулығын жақсарту үшін біршама жұмыстар атқарылып жатыр.
Тамыры терең Түркістан қаласы. Мұнда балалар жылына орай денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде рухани астанамызда ана мен бала саулығына баса назар аударылған.
Түркістанда балалар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Ал денсаулық сақтаудың орны бөлек. Жақында облыс орталығында ерекше балаларға арнайы оңалту орталығы ашылды. Онда қала бүлдіршіндері кез келген қызмет түрін тегін ала алады.
Марат Пашимов, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Президентіміз биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Сондықтан да балалар денсаулығын жақсарту мақсатында реабилитациялық көмек көрсетіледі. Тек биыл ғана емес келесі жылы да тағы оңалту орталығы ашылады. Біздің өңір ең көп мүмкіндігі шектеулі балалары бар аймақ. Сол себепті мұндай орталықтың маңызы зор. Енді бүлдіршіндеріміз Астана, Алматыға сабылмай өзімізде емделеді».
Ерекше күтімді қажет ететін балаларды тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, әртүрлі оңалту процедурасының көмегімен, атап айтқанда су, күлкі терапиясы арқылы емдеу керек. Ал мұның бәрі күнгей қалада тегін қарастырылған. Сондықтан да ата-аналардың қуанышанда шек жоқ.
Бүлдіршіндерді табиғат ресурсымен де емдеуге болады. Мысалы тұзды шахта, шунгитті бөлме. Олар жас ағзаны емдеп қана қоймай, оларды нығайтуға көмектеседі. Ал Түркістан облысының бас дәрігері рухани астанада бала мен ана денсаулығы бірінші орында тұрғанын айтады. Ол үшін жақын арада заманауи ана мен бала орталығы бой көтермек.
Ата-аналар үшін не маңызды? Балаларының әрқашан дені сау, тамақтары тоқ, киімі көк болуы. Сонымен қатар сапалы білім мен тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуы басты орында. Ал Түркістанда мұның бәрі де жолға қойылған.