«Заң керуені»: Бірқатар азаматтардың мәселесі оң шешімін тапты

88

Прокурорлар мен әкімдік қызметкерлері халықты жеке мәселелері бойынша қабылдап, заң тұрғысында құқықтық кеңес беріп жатыр. «Заң керуені» акциясы Қаратау ауданында жалғасын тапты. Сайрам елдімекенінің халқымен кездескен шенеуніктер бір күнде 200 – ден астам азаматтың мәселесін тыңдап, қажет кеңес берді.

Қаратау ауданы Сайрам елдімекенінде «Заң керуені» акциясы өтті. Шара барысында прокуратура мен әкімдік қызметкерлері бірлесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындардың бірі, жеке құжаттарын рәсімдеу бойынша шағымданса, енді бірі елдімекендегі инфрақұрылым жүйесіне көңілі толмайтынын айтты. Салаға жауапты қызметкерлер барлық арызды тіркеп, оң шешім шығаруға тырысамыз дейді.

«Біздің арызымызды тыңдауға келген барлық қызметкерлерге алғысымды білдіремін. Үнемі осылай халықпен бірге болсын дейміз. Мысалы бізде бірқатар инфрақұрылым мәселесі бойынша қиындықтар бар. Көшелер жарықтандырылмаған. Сайрамның өзінде салық төлейтін орын жоқ. Салық төлеу үшін қалаға шығуға тура келеді. Міне, мен бүгінгі акцияда жауапты қызметкерлерге жолығып, осы мәселені айтып, жазып қалдырдым. Егер осылай келіп көрмесе, мұнда не болып жатқанын білмейтін еді. Сондықтан алдағы уақытта мұндай шараларды көбейту қажет»,- дейді Сайрам елдімекенінінің тұрғыны.

Зуфар Назарбаев, Сайрам елдімекенінің тұрғыны: «Мен 2010 жылдан бері виднажительство ала алмай жүрген едім. Бүгін келіп неше жылдан бері жүгіріп жүрген мәселемді шешіп берді. Көп-көп рақмет. Осындай шаралай жиі ұйымдастырыла берсін. Халыққа көмегі тиіп жатыр».

Жалпы акцияда түрлі сала бойынша 34 қызметкер қабылдау жүргізді. Халықтың басым бөлігі әлеуметтік сала бойынша шағымын білдірген. Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Берген Ержаппаровтың айтуынша, мұндай шаралар халықтың үкіметке деген сенімін арттырады. Өйткені, қабылдау барысында көтерілген бірде-бір мәселе еленбей қалмайды. Әрқайсынының толық шешілуін бақылауда ұстаймыз дейді.

Берген Ержаппаров, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары: «Мұның басты мақсаты заңды түсіндіру, құқықтық мәдениетті көтеру, біз естімеген әлеуметтік жағдайдағы халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, адамдармен тікелей байланыс орнату және құқықтық көмек беру».

Айта кетейік, «Заң кереуені» акциясы мегаполистің әр аудандарында өтіп жатыр. Қала тұрғындары келіп өтініштерін жеткізулеріне болады. Және алдағы уақытта өз жалғасын табады.