Шымкентте мердігер тұрғын үйді заңсыз сатқан

41

Шымкентте 8 құрылыс компаниясы заңсыз көпқабатты тұрғын үйлер салмақ болған. Олар тіпті құрылыс аяқталмаған баспананы үлескерлерге сатып та үлгерген. Ал 5 мердігер мекеменің ісі сотқа жолданды.

Шымкентте 8 мердігер мекеме қымбат әрі сапалы тұрғын үйлердің жарнамасын жариялаған. Интернет желісіндегі хабарландыруға сенген халық әлі іргесі қаланбаған үйлерді сатып алуға қыруар қаражатын салып үлгерген. Шымкенттік прокуратура қызметкерлері мониторинг кезінде осындай күмәнді схеманы анықтады.

Батыр Ергешов, Шымкент қалалық прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары: “Бірқатар мердігер мекеме көпқабатты үйлерді заңсыз соғып, заң талаптарын өрескел бұзып, тиісті құжаттры болмай сатылымға шығарған. Осы жайтты анықтап, қазір біз әкімдікпен бірлесіп сотқа тартып жатырмыз”.

Әкімдік құрылыс тәртібінің күрделі екенін айтады. Құрылыспен айналысатын мекеме алдын ала жауапты органға жоспар барысынан хабардар етуі керек. Сонсоң барып құрылысқа кірісе алады. Ал тұрғындар ақшасын үнемдеймін деп әлі қаңқасы қаланбаған үйді сатып алуға бел байлайды. Жауапты мамандар қандай да бір нысанға ақша салмас бұрын оның сенімділігіне көз жеткізіп, тексеріп алған жөн дейді.

Ержан Нұразханов, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімінің басшысы: “Тұрғын үй құрылыс туралы заңға сәйкес үлескерлерден ақша алу 7 бабы 1 тармаққа сәйкес келесідей тәсілмен жүзеге асады. Бірінші қазақстандық тұрғын үй компаниясы арқылы оператордан кепілдік алу керек. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктің жобаға қатысуы керек”

Үлескерлер ақшасыз, баспанасыз қалмауы үшін, Шымкент қалалық әкімдігі алдағы уақытта сенімсіз құрылыс компаниялары туралы халықты хабардар етуді жоспарлап отыр.