Шымкент: Аулада бастырма құлап, 5 көлікті басып қалған

86

Шымкентте қалың қар салдарынан ауладағы бастырма құлап, 5 көлікті басып қалды. Оқыс оқиға 10 қаңтар күні сағат 11:30 шамасында Қаратау ауданы, Нұрсат шағын ауданындағы №114 үйдің ауласында орын алған.

Қалалық төтенше жағдай департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің 7 қызметкері мен 2 техникасы авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Абырой болғанда зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Айта кетейік, төтеншеліктер ауа райына байланысты күшейтілген қызметте жұмыс істеп жатыр. Қар құрсауынан шыға алмай қалған көліктерге қол ұшын созуда.

Аян Шертай, Шымкент қалалық ТЖД ТЖ жою бөлімінің аға инженері:
«Жалпы көлемі 252 ш.м. құрайтын екі бастырма құлап, 5 дана автокөлікті басып қалған. Сонымен қатар, бүгін Тұран ауданы, Сәуле шағынауданында қарға тығылып қалған дав маркалы көлік құтқару жұмыстары жүргізілді. 12 қызметкер мен 4 техника жұмылдырылды».

Алдағы күндері қатты аяз күтілетінін ескерткен төтенше жағдай қызметкерлері қала тұрғындарына аса қажеттілік болмаған жағдайда жолға шықпауға кеңес береді.